Ішкі істер министрлігі азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті азаматтар! Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде “хайп”, лайк немесе түрлі конкурстар үшін жасалатын арандатушылық әрекеттер көбейіп барады. Кейбір жастар сауда орталықтарында немесе көшеде айғайлап, жартылай жалаңаш жүгіріп, жұртқа кедергі келтіріп, өздерін “шоу” етіп түсіріп жүр. Мұндай әрекеттер үшін заңда жауапкершілік қарастырылған. Жуырда елордада болған осындай оқиға бойынша құқықбұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Лайк жинау үшін жасалған мұндай әрекет батылдық та, креатив те емес. Бұл – қоғамдық тәртіпті бұзу, көпшілікке құрметсіздік көрсету, ар-ұятқа жат қылық. Қоғамдық орында жасалған кез келген заңға қайшы немесе ұят әрекетке жол берілмейді. Заңға сәйкес жауапқа тартылады. Баршаға, әсіресе жастарға айтарымыз: күмәнді интернет-трендтерге ермеңіздер. Өзіңізді де, айналадағы адамдарды да құрметтеңіздер. Нағыз құрмет пен абырой жақсы іс, пайдалы ой, дұрыс әрекет арқылы келеді. ІІМ мұндай жағдайларға қатаң тосқауыл қойып, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастыратын болады. Қоғамдық тәртіп – бәрімізге ортақ міндет. Интернетте де, күнделікті өмірде де мәдениет пен парасаттылықты сақтайық, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
 
				 
					