Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 23:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Әрбір тұрғынның амандығы маңызды»

17.04.2021

3418 0

Шаһар тізгінін қолға алып алғашқы жиын өткізген Ғанибек Қазантаев осылай деді. Жиында қала халқының індетті жеңіп, деннің саулығы үшін тиісті талапқа бағынуды күшейту керек екені сөз болды.

– Covid-19 індетін жұқтыру жағ­дайларының көбеюіне байланысты Қызылорда  «сары» аймаққа өтті. Бұл қазіргі кезеңде карантинді жеңілдету қажет емес екенін білдіреді. Біз үшін әрбір тұрғынның амандығы маңызды. Індет белең алмауы тиіс, – деді қала әкімі.

Мәжілісте қалалық санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев індеттің алдын алу шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Қызылорда облысы сары аймаққа енгенімен қалада санитарлық талаптар мен карантиндік шектеулерді ескермейтіндер азаймай отыр. Мәселен жыл басынан бері басқармаға 110 карантиндік тәртіп бұзушының құжаттары келіп түсті. Айыппұл арқалағандар арасында отбасылық той, ме­рекелік басқосу өткізген азаматтар мен қоғамдық тамақтану орындары және сауда нүктелерінің басшылары да бар, – деді Ерлан Ұзақбаев.

Мұнан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанкелді Шайымбетов баяндама жасады. Оның мәліметінше, індет күшейген жағ­дайда инфекциялық және провизорлық стационарларда 1635 төсек орын дайын. Бүгінде медициналық ұйымдарда 272 оттегі концентраторы және 119 ИВЛ аппараты мен 575 оттегі баллоны, 4 КТ және 25 рентген аппараты бар. Сондай-ақ 1 оттегі шығару станциясы жұмыс істеп тұр. 200 орындық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы да аяқталып, мамыр айында іске қосылмақ. Медициналық мекемелер мен дәріханаларда қорғаныш киімдері мен дәрі-дәрмек жеткілікті. Бас дәрі­гердің орынбасары айтқан мәліметке сүйенсек, 2 айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған.

Жиында қала көлемінде карантиндік шек­теулер ережелерін сақтау, жолын кесу және алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлаған қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Бекманов бекітілген мобильдік топтармен іс-шара барысында 1500-ге жуық нысан тексерілгенін жеткізді.

Қала әкімі сала басшыларына әрбір тұр­ғынның денсаулығы маңызды екенін жет­кізді. Індеттің алдын алу бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп, қалада орналасқан ғимараттардың са­ни­тарлық талаптарға сай жұмыс істеуін тап­сырды. Сонымен қатар мобильді топ тұ­рақты түрде жұмыс жасау керек екенін де айтты.

– Індеттен айығудың алғышарты сани­тарлық талаптарды сақтау мен инфекцияға қарсы екпе салдыру екені әлдеқашан айқындалды. Әйтсе де тұрғындардың бейқамдық танытуы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үдерісін баяулатып отыр, – деген қала әкімі вакциналау жұмыстарын да жүйелі жүргізу керектігін ескертті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: