Жексенбі, 22 желтоқсан, 15:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әріптестер әзілі

28.06.2022

1246 0

Журналистер күніне орай әріптестер арасындағы әдемі әзілмен өрілген қуақы қалжыңдарды ұсынып отырмыз.

Алдыма келсе, бірден тізе бүгеді

Журналистер ара­сында қағытпа сөз, қалжың әңгімемен есте қалған айтқыштар же­терлік. Соның бірі – «Азаттықтың» меншікті тіл­шісі Ерқанат Сәрсенбай­ұлы мен облыс әкімдігінің фото-тіл­шісі Бағдат Есжанов.

Бағдат Есжанов бірде әлеуметтік же­ліге жазба жүк­теп, «Әшейін фейс­бук­та ғой сыртым­нан бірдеңе-сірдеңе деп оты­ратыны. Алдыма келсе осы ғой, бірден тізе бүгеді» – деп Ерқанат Сәрсенбайұлының тізе бүгіп отырған суретін жа­риялапты.

Ерқанат Сәрсенбайұлы суретті жазбаға пікір қалдырып: «Кедергі келтірмейін деп отырып ем, тізе бүкті депті ғой мақтаншақ. Келесі съемкада қасқайып алдыңа тұрып алармын, суретке түсіртпей» – депті қағыта жауап беріп.

Су іздеген сағаға барады

Бағдат Есжанов фейсбук әлеуметтік желісіне «Ер­қанат мені тегтеп, бал­конға шықпай қап­ты депті. Содан Сырдарияны жағалап, Көкаралдан бір-ақ шық­тым. Сырдарияны таппай тұрмын, сөйтсем Сырдария осы жерден бітеді екен ғой» деп парақшасына жазба қалдырыпты.

Мұны көрген Ерқанат:

– Су іздеген сағаға баратын сияқты еді. Соңына кетіпті ғой кері кетіп, –деп тапқырлықпен жауап қатқан.

Бекежаннан кем болып тұрған жоқсың

Ерқанат Сәрсенбайұлы парақша­сына «Шіркін, Қыз Жібектің заманы қайтып келсе, сөзсіз Бекежан болар ем…» деп жазба жүктесе, Бағдат Есжанов:

– Қазірде Бекежаннан кем болып тұрған жоқсың, – деп пікір білдірген екен.

Гүлекең жазса, үшінші орын алатын едім

«Ақмешіт апталығы» газе­тінің бас редакторы Әзиз Батырбеков газеттің кезекті нөмірін жоспарлап жатып «осы айда сарап­тама­лық ма­қа­ладан екі бір­дей тіл­шіміз орын алды. Ақтілек бірінші орын, Аслан екін­ші орын. Ақтілек жазып жүр ғой енді. Аслан, осы саған мақаланы Гүлмира апайың жазып берген жоқ па?» – деді қалжыңдап.

Гүлмира Ділдабекова:

– Мен жазып берсем, бірінші орын алатын еді ғой, – деді редактордың сөзін іле-шала.

Аслан болса:

– Жо-жоқ, олай емес. Гүлекең жазып берсе, үшінші орын алатын едім, – деді өткен айда Гүлмира апайдың үшінші орын алғанын еске салып.

Айттым ғой, дұшпаным көп деп

Өңірлік коммуника­­циялар қызметі басшы­сының  орын­басары Нұрлан Тәшім-Тегі әлем­желіге «айнадан Тәуекел Мүсілім­ді кө­ретін жігіт­пен» деп бір кездері «Ақмешіт апталы­ғы» га­зетінде тілші болған Жарас­хан­ Қуанышбай­ұлымен түскен су­ре­тін жүктепті.

Жазба астына әріп­тес­терінен түрлі пікір­лер жазылыпты:

«Тәуекел айнадан Жарасты көріп жүр дейсің ғой», «Қойыңдар, Тәуекел ренжіп қалар», «Мына жазбадан кейін жарнамаға ұсыныс келіп тұр дейсің ғой, ещё шампуньнан», «Тәуекел мынаны естісе, атын өзгертіп тастайтын шығар?», – деген.

Жарасхан болса:

– Нұрлан, бекер салдың суретті. Айттым ғой, дұш­пан­­дарым көп деп. Көре алмайды бұлар, – деп бар­­лығын бір жауаппен тойтарыпты.

Шалбарының қыры бар

Бір күні Қызылорда телеарнасынан журналист Елжас Әбділда әріптесіміз Жарасхан Қуанышбай­ұлының ағасын бағдарла­маға түсіретін болып, «Сыр медиаға» келген. Содан Елжас келгендегі шаруасын айтып:

«Жарас, ағаңды бағ­дар­ламаға түсірсек пе дегенбіз. Ағаң жылы жүректі, об­лыстағы белсенді азаматтың бірі ғой. Тағы қандай қыр­лары бар?» – депті.

Жарас түзу сөй­­леуші ме еді:

– Шалбарының қыры бар, – депті баяғы қалжыңбастығына салынып. 

Коронавирус кімнен жұғады?

Әріптесіміз Айтолқын Айтжа­нова­ның да әңгіме арасында қойып қалып, күлдіретіні бар.

Бірде Айтолқынға «Сенің әзілің күшті, қатырып айтысың дедік».

Сонда Айтолқын:

– Кішкентай қызым да өзіме ұқсаған. Бір күні балабақшадан келген бойда:

– Анашым, осы коронавирус әкімдерден жұғады ма? – демесі бар ма.

– Оны кім айтты? – дедім.

– Балабақшада апайлар «әкім келе жатыр, бетперде киіңдер» дейді ғой осы, – деп бетіме қарап тұр. Қызымның байқағыштығына таң қалдым, – деді Айтолқын.

– Әйтпесе сенің қызың болар ма? – деп біз де күлдік.

Сіздің ұйқасыңыз үшін әкелдік

Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентке ақындар арасында футболдан жа­рыс болып, Сырдан бір команда шығады. Бұл ко­манданың құрамында республикалық «Халық» газетінің тілшісі Рыскелді Жахман да бар.

Сырттан келген қонақ­тар­мен танысып жатқан Есет Досалы деген ақын:

«Рыскелді, футболға дұрыс келді» деп әзілдесе керек. Мұны анадайдан естіп тұр­ған үш дүркін алтын дом­быраның иегері, сырбойы­лықтарды бастап барған айтыскер Мұхтар Ниязов:

«Есет аға, осы баланы сіздің ұйқа­сыңыз үшін әкел­дік» деп жиылған елді күлкіге қарық қылған екен.

Кезекші редактор оқиды

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық «Ақмешіт жастары» газетін­де кезекті нөмірге сапа­лы материалдар салын­бапты. Бас-аяғы бір екі күнде даярланған мақалалар әлсіз бо­­лып шыққан көрі­неді.

Содан әріптесіміз Ерасыл Шәрібек ка­бинетке келсе, тілші Айдана Жұмадинова ашу­ланып отыр екен. Айдана есіктен енді енген Ерасылға:

– Газеттің мына санында оқитын түк мақала жоқ. Әлсіз бәрі. Мына нөмірді кім оқысын? – депті.

Ерасыл ойланбастан қағыта сөйлеп:

– Кім оқығаны несі, кезекші редактор оқиды да, – деген екен.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: