Алматы қаласындағы 61993 әскери бөліміне аттанған Темірғали Данияр екі айдан кейін жындыханаға түсті. Сарбаздың анасы Сыражанова Салтанат Orda.kz редакцияcына сұхбат берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Темірғали Данияр 18 жасқа толған кезде өз еркімен әскери комиссариатқа барып, тексерістен өтіп, 3-тамызда Алматы қаласындағы 61993 әскери бөліміне қабылданып, сарбаз атанды.
«Мен баламның әскерге барғанын қаламадым. Бірақ балам мені тыңдамады. Балам грек-рим күресінен спорт шеберлігіне кандидат. Әскерге барған алғашқы екі аптада жақсы көңіл күймен хабарласып жүрді. Екі аптадан кейін видеомен сөйлескен кезде құлағы қанап, мақта тығып алған екен. Не болды деп сұрағанымда «Құлағым ауырып жүр. Сержант орындықпен ұрды деп айтты», – дейді анасы.
Даниярдың соққыдан кейін басы айналып, құлағы мен мұрнынан қан кетіп, жағдайы нашарлай бастаған. Арада бір апта уақыт өткеннен кейін ата-анасына хабар келді.
«Маған телефон шалып, балаңыз сөйлемейді, тамақ ішпейді, сөйлете алмай жатырмыз деп хабарласты. Баламыз сөйлемей қалды дегенді естіген соң әкесі баламның жанына кетті», – деді Салтанат.
Анасының айтуынша, әкесі жанына барғаннан кейін де Данияр 3 сағаттай әкесін танымай, басын шайқап тілдесе алмаған.
Өз-өзіне келгеннен кейін Данияр әкесімен үйге қатпаймын, осы әскерді аяқтап шығамын деп қарсыласты. Арада бір апта өткеннен кейін Данияр ант қабылдады. Ант қабылдау рәсіміне әкесі жанында болды. Рәсім барысында Данияр өзін ұрған сержантты әкесіне көрсетіп, тіпті суретке де түсіріп алған.
«Балаңыз сөйлемей, тамақ ішпей қалды» деген кезде Алматыға жанына келдім сол кезде балам маған «моншаға кіргізіп алып ұрады» деді. Сол кезде алып кетейін деп едім, қайтуға намыстанып, «өлсем осында өлемін» деп қайтудан бас тартты. Арада біраз уақыт өтіп ант қабылдау рәсіміне келгенімде «Балаңыз тағы сөйлемей қалды» деп айтты», – деді әкесі.
Ант қабылдау рәсімі кезінде Даниярдың әкесінің жанына психолог келіп: «Арыз шағымыңыз бар ма? Бүгін сіздің балаңызды ұрса, ертең басқаның баласын ұрады ғой жасырмай айтсаңызшы» деп сұраған.
«Балам өз еркімен қаламын, әскерді аяқтап шығамын деген соң ешқандай ұрып-соққанын айтпадым. Арада біршама уақыт өткен соң, өз-өзіне қол жұмсап жатыр деп хабарласты», – дейді анасы.
Анасы Салтанат денсаулығына байланысты ота жасатып үйге келген кезде хабар келді. Отадан жаңа шыққан ана денсаулығына қарамай, тәуекелге барып, баласы үшін Алматы қаласына ұшақпен ұшып келді.
«Алматы қаласындағы әскери госпитальге барсам, балам мені танымайды. Менен қашып бұрыш-бұрышқа тығыла береді. Денесі тырысып қалған. Жағдайы өте ауыр болды. Жанында біраз уақыт отырғаннан кейін дәретханаға барып келейін деп сыртқа шығып келсем, бөлмеде балам жоқ. Бөлмелерді қарап жүріп баламды тауып алдым. Баламның жанына барсам бір парақ қыстырып қойыпты, балам жылап тұр екен. «Бұл не қағаз?» деп сұрағанымда психолог: «Бұл балаңыздың «жынды» деген қағазы» деп жауап берді. Жанында тұрған командирі маған мысқылдап, «хабарласатын жеріңізге хабарласыңыз» деп айтты. Маған командирі терезеден секіргелі жатқан жерінен құтқарып қалдым деді. Олар өтірік айтады, баламды өз көзіммен көріп тұрмын ғой, баламның терезеден секірмек түгілі жүруге шамасы жоқ», – деді анасы.
Қазіргі таңда Данияр Астана қаласындағы әскери госпиталдің психиатририялық бөлімінде жатыр. Анасы Астана қаласына келгелі жағдайы жақсарып, сөйлесе бастағанын айтты. Астанадағы психолог дәрігері Даниярдың әбден қорқып, үрейленіп қалғанын айтқан.
2 желтоқсан күні Даниярдың анасына Серік Жанбосын деген кісі хабарласып қорғаныс министрлігіне шақырды. Анасының айтуынша, шақырту себебі арыз шағымды тыңдау екен. Министірлік анасына оны Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімшеге ауыстыруды ұсыныпты. Бірақ анасы да, Даниярда ол тозақ мекеніне барғысы келмейтінін айтты. Қорғаныс мингистірлігінде Данияр жанындағы сарбаздардан қалай қайтып кету жолын сұрастырғанын анасына айтқан. Анасы бұған сенбеймін, себебі балам менің қарсы болғаныма қарамастан әскерге өз еркімен кетті деп отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!