Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әскерге бар, азамат!

25.04.2023

1052 0

Қазір сарбаз болып, сапқа тұрудан қаймығатын жастар көбейіп барады. Шынында, патриоттық тәрбие әлсіз бе, әлде отансүйгіштік қасиетті сіңіре алмай жүрміз бе?Анығы сол әскери борышын өтеуден жалтара­тындардың артқаны. 

Сенатор Руслан Рүстемов осы мәселеге орай өз пікірін білдірді. «Жасыратыны жоқ, бүгінгі әскер жайлы жайсыз әңгіме көп. Қалың қазақтың ортасынан шыққан соң елдегі жағдай маған белгілі. Әскерге баласын жібергісі келмейтіндер де баршылық. Осы мәселе мені көптен толғандыратын. Халық сауалына орай Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан әске­ріне жауапты тұлғаларды шақырып, ортақ мүдде тұрғысында ашық сұхбат жасады. Кейбір мәлі­меттерде  әскерге міндетті борышкерлердің 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бар­майды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға ынталы. Ойланарлық дерек!

Ұлттық идеологияның кемшін тұсы жетерлік. Мемлекеттік тіл әлі де ақсап тұр. Бұдан басқа да түйінді жағдайлар кездесіп қалады. Неге әскердің беделі түсіп кетті?  Міне, мені толғандырған сауал осы бағытта өрбіді», –  деп жазды сенатор әлеуметтік желіге.

Былтыр Дана Нұржігіт те Парламент қа­бырғасында ел жастарының әскери-патриоттық тәрбиесіне алаңдап, Премьер-министрге депутат­тық сауал жолдағанын  көрдік. 

«Бүгінде патриоттық тәрбие беру жүйесінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесі, рөлі, орны, мақсаты және патриоттық тәрбие беру жұ­мыстарын жүргізетін үйлестіруші органның құрылуы заңнамалық тұрғыда айқындалмаған. Әрбір мемлекеттік органның, ведомствоның, ұйымның қызметтерінің бір тармағы патриоттық тәрбиеге бағытталуы тиіс екені көрсетілмеген. Бұл мәселенің заң бойынша реттелмеуі қоғамдық ұйымдардың, патриоттық клубтардың материалды-техникалық базасына да әсер етіп отыр, – деп түсіндірген болатын Дана Нұржігіт.

Мақаланы әзірлеу барысында  қалың көп­шіліктің пікірін білгенді де жөн көрдік.

Жасқанат Пазылбеков, қала тұрғыны:

– Әскери өмір адамды шыңдайды, ширық­тырады, төзімділікке баулиды. Десантшы боп сапқа тұрып, әуеден парашютпен секірдім. Қаруды қалай пайдалануды үйрендім. Соғыс техникаларын көзбен көрдік. Бірнеше шақы­рымға жаяу жүріп, суды кешіп өтуді, әскери жаттығулардың барлық түрін жасап, бұлшық етті шынықтырдық. Палаткаларды құрып, күннің салқындығына қарамай, сонда жаттық. Соғыс жағдайындағы тәртіппен жүрдік.  Ел қорғау – азамат үшін үлкен сын. Сол сынға төзе білу керек. Отан алдындағы борышын ақтау ер-азаматтың парызы деп білемін.

Құланбай Аманов, қала тұрғыны:

–       Өзім әскер  болдым. Ол кезде 2 жыл еді. Қазір 1 жылға қысқарды. Бірақ қазір жас сарбаздар әскерден оралмай, кейбірі аурулы боп, қайғы-қасірет тартып жатқан ата-аналарды көріп, жалғыз ұлымды әскерге жіберуден бас тарттым. Әскери өмірдің қызық екенін білемін. Бірақ жалғыз перзентімнен айырылып қалсам, күнім не болмақ деп осындай шешім қабылдадым.

Күлпан Молдашова, қала тұрғыны:

– Мен көпбалалы анамын. Балаларым есейді. 3 ұлым, 4 қызым бар. Ұлдарымның бәрін әскерге жібердім. Өмірдің ыстық-суығын көрсін дедім. Құдай «Сақтансаң, сақтаймын» дейді ғой. Тәуекел етіп жіберген балаларым шымыр азамат боп, аман оралды. Өмір бар жерде қиындық бола­тынын түсінді.

Мардан Есанов, Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

– Мектепте ұзақ жылдар алғашқы әскери дайын­дық сабағынан дәріс бердім. Мектеп қабыр­­­ғасында ұл балаларға әскери қаруды қалай пайда­­лану, авто­матты бұзып-жинау жаттығу­ларын үйреттім. 

Жалпы ұл балаларды ер азаматша өсіру үшін мектептерде ер мұғалімдерді көбейту керек. Мүмкін сонда барып мінез жағынан ұсақталып бара жатқан жігіттерді темірдей тәртіпке баулуға болатын шығар. Әскери өмір тиянақтылыққа, тәртіпке, жауапкершіліке, сақ­тыққа  үйретеді. Менің ойымша әскерге барып, сапқа тұрған дұрыс.

Қызылордадағы ахуал қалай? Отан алдын­дағы азаматтық борышын өтеу мақсатында сапқа тұратындар көп пе? Қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы полковник Алмас Чункуновтың айтуынша,  Осы жылдың көктемінде жоспар бойынша 231 адам әскерге шақырылу керек. Осы кезге дейін шекара қыз­метіне 49 азамат аттанса, қарулы күштер қата­рына  28 сарбаз жөнелтілген. 

– Әскерге барудан жалтаратындардың  басым көпшілігінің себебі  басқа қалаларға жұмыс іздеп кету, денсаулық жағдайы төмен болуы, әскери билеттің қажеттілігі болмауынан. Кез келген жұмысқа кірерде ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік қызметіне, төтенше жағдайлар қызметіне тағы да басқа мемлекеттік органдарда  әскерге барғандығы, не бармағандығы жайлы мәлімет талап етілмеуінен деп ойлаймын. Сосын, әрине,  жастар арасында патриоттық сезімінің деңгейі төмен болуы да осындай қиындықтарға ұшыратады, – дейді полковник.              

Әрине,  болған оқиғалардың бәрі бала бойына патриоттық тәрбие дұрыс сіңірілмегеннен  екені айдан анық. Дегенмен әскердегі әлімжеттікті естен шығармау керек. Оның соңы кісі өлімімен аяқталып жатқанын қоғам көріп, біліп отыр.  Бойында рухы бар, намысы бар адам біреуге қия­нат, әлімжеттік жасауға бармас еді. Әскери тәр­биенің де дәрмені азайған ба деп қаласың осындайда.

Қалай десек те  сарбаз боп сапқа тұру әр азаматтың ар-ожданына, намыс пен жігеріне байланысты. Осындайда бойына бес қаруын асынып жауға шапқан өр рухты қазақтың батырлары еске түседі. Ұлан байтақ жеріміз сол батырлардың ер жүректіліктері мен отанға деген адалдығының арқасында аман қалды. Кешегі Ұлы Отан соғысында қан төгіп, қаһармандықпен шайқасып, тіпті ажал құшқан жанкешті қазақтың ұрпақтары емеспіз бе?! «Отан үшін отқа түс күймейсің» демей ме батыр Бауыржан. Отан алдындағы борышты өтеу  үшін сен де әскерге бар, сапқа тұр,  АЗАМАТ!

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: