Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев Қазақстанда заңды түрде әскерге бармай-ақ әскери билет алудың жолын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанда әзірге баламалы әскери қызмет қарастырылмаған.
Баламалы әскери қызмет – бұл міндетті әскери борышты атқарудың орнына ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрі. Ол діни, моральдық немесе басқа да сенімдеріне байланысты қарулы қақтығыстарға қатыса алмайтын азаматтарға арналған. Мұндай құқық халықаралық нормаларда (мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1948 жылғы Конвенциясында) және көптеген елдердің ұлттық заңнамасында бекітілген.
«Бізде 24 жасқа толғаннан кейін белгілі бір кейінге қалдыру жағдайы немесе денсаулыққа байланысты себептер болса, ресми түрде ақы төлеп, 40 күндік курстан өтіп, әскери билет алуға мүмкіндік бар. Қазір нақты есімде жоқ, шамамен 240 мың теңге… немесе 300 мың теңге көлемінде», деді Серік Бурамбаев Мәжіліс кулуарында.
Оның сөзінше, бұл үшін әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ, өтінішті онлайн түрде «цифрлық әскери комиссариат» арқылы беруге болады.
«Мысалы, сіз: “Маған әскери билет керек, қызмет етуім қажет” дейсіз. Сол кезде үміткер кезекке тұрады, төлем жасайды және кезегі келгенде қызметтен өтеді», деп толықтырды министрдің орынбасары.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
