Қазақстанда “Smart военкомат” жобасы толық іске қосылып, әскери есепке алу және әскерге шақыру процестері түбегейлі өзгерді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік өкілінің айтуынша, жоба алдыңғы жылдан бері қолданыста және қазіргі таңда барлық қалалық, облыстық және аудандық әскери комиссариаттарда орнатылған.
Елдегі 17-63 жас аралығындағы ер азаматтар бірыңғай базаға енді
Жүйе арқылы министрлік 17 жастан 63 жасқа дейінгі барлық ер азаматтың деректерін көре алады. Бұл әскерге шақыруға дайындық пен есепке алуды бір орталықтан бақылауға мүмкіндік береді.
Ахмедиев азаматтың әскери құрылыммен алғашқы байланысы – 17 жаста өтетін алғашқы тіркеу екенін еске салды. Бұрын бұл үшін мектептердің алғашқы әскери дайындық мұғалімдері оқушыларды жинап, автобуспен военкоматқа апаратын, ал жастардан 24 түрлі анықтама талап етілетін.
Алғашқы тіркеу енді проактивті режимде жүргізіледі
Жаңа жүйе бұл процесті түбегейлі өзгертті. Енді 17 жасқа толған азамат ешқайда бармайды, алғашқы тіркеу автоматты түрде жүргізіледі және азамат ақпаратты тек Egov жеке кабинетінен көреді.
Министрлік бұл жаңашылдықтың арқасында 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделгенін атап өтті. Бұрынғыдай автобус жалдау, жастарды тасымалдау, құжат жинау қажеттілігі жойылған.
Ахмедиев әскерге шақыру қағаздарын жеткізу тәртібі де өзгергенін айтты. Әскерге шақырылуға тиіс азаматтарға SMS-шақыру жіберіледі.
Жаңа тәсілдің арқасында бұрын босатылу құқығын дәлелдеу үшін военкоматқа келуі тиіс болған 1 миллионнан астам азамат енді ешқайда бармайды.
Мекенжай ауысса, әскери есеп автоматты түрде бірге өзгереді
Министрлік әскери есептен шығу және жаңа өңірге қайта тіркелу процесі де автоматтандырылғанын хабарлады.
Бұрын азамат ескі военкоматқа барып есептен шығып, жаңа жерге барып қайта тіркелуі тиіс болатын. Қазір бұл қажеттілік жойылды. Азаматтың мекенжайы өзгерген сәтте оның әскери есеп деректері де автоматты түрде жаңартылады, – деді Ахмедиев.
Жұмысқа орналасу кезіндегі анықтамалар да электронды форматқа өтті
Жұмыс берушілер бұрын әскери есеп туралы анықтама талап ететін. Енді:
- кадр бөлімдеріне “Smart военкомат” жүйесіне тікелей қолжетімділік берілген;
- мемлекеттік қызмет үшін – e-Қызмет;
- жеке сектор үшін – e-Еңбек жүйелері қолданылады.
Осылайша, азаматтан анықтама сұрау, военкоматқа бару міндеті толық алынып тасталды.
Кадр бөлімдерінің есептері автоматты түрде жинақталады
Бұрын ұйымдар ай сайын, тоқсан сайын және жыл сайын военкоматқа түрлі есептер жолдайтын. Қазір бұл ақпарат жүйе арқылы автоматты түрде жинақталады.
Ахмедиевтің айтуынша, бұл да мемлекеттік органдардың жүктемесін айтарлықтай қысқартқан.
Қорғаныс министрінің орынбасары жобаның тиімділігін қорытындылай келе, автоматтандыру көптеген артық құқықтық және ұйымдастырушылық рәсімдерді жойғанын атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
