Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында 21 ақпан – Халықаралық Ана тілі күні мерекесіне орай Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасына қарасты Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы мен Облыстық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы және жаңа қазақ жазуы» тақырыбында ашық сұқбат алаңы өтті.
Жиынды Облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының м.а., гуманитарлық ғылымдар магистрі Айдана Махамбет жүргізді.
Жиынның кіріспе сөзін Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Каюпов Руслан Мұхамедәліұлы сөйлеп, руханияттың ұлы тойының мән-маңыздылығына тоқталды.
Жиынға өңіріміздегі іргелі білім ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының ғалым-оқытушылары: Абасилов Аман Мәделханұлы, Боранбай Болат Елтайұлы, Айтбаева Айман Ералықызы, Қамзаева Күлшат Салыққызы, сонымен бірге «Әлімсақ» журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ғылым кандидаты Нұрлан Көбегенұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы, саяси ғылымдарының кандидаты Сахиев Сәулет Ерназарұлы, Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шынтасова Гүлзат, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Егізбаева Ләззат спикер ретінде қатысып, өз көзқарастары мен пікірлерін ортаға салды.
Жиын қатысушыларына көрнекті ғалымның 150 жылдық мерейтойында бірізді қолдануға арналған логотип үлгімен әзірленген арнайы кәдесыйлар табысталды.
Ашық сұқбат алаңында ұлттық руханияттың өзегі – тіл мәселесі жөнінде, тілдің ұлтты ұйыстырудағы, ұлттың дара болмысын сақтаудағы рөлі жөнінде айтылды. Қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасаумен бірге ішкі заңдылықтарын ғылыми дәйектеудегі ұлы оқымысты – Ахмет Байтұрсынұлының халқымыздың рухани-мәдени өрлеуіне қосқан үлесін көрсету мақсаты көзделді. Сонымен бірге, қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі ұлттық әліпбиге көшіру қарсаңындағы тілдік жағдаятқа сипаттама берілді. Әліпби мәселесінің оқытумен тікелей байланысты екендігі ескеріле отырып, шараға Облыстық білім басқармасына қарасты мекеме мұғалімдерін қатыстыру көзделді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!