Сенбі, 23 қараша, 13:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Аймақ басшысы балаларға жаңа автобустар мен лагерьге жолдама сыйлады

01.06.2023

952 0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Президент паркінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысып, балаларды құттықтады.

Паркте бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін «Мен бақытты баламын» музыкалық би композициясы мен дрон-шоу ұйымдастырылған, арнайы фотозона жасақталған.

«Біз ел болашағы – білікті де білімді ұрпақ қалыптастыруда барлық мүмкіндіктерге жол ашамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Атаулы жылда сырбойылық балалардың игілігі үшін 80 спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жалағаш ауданында 200 орынға арналған Оқушылар үйі, 50 орындық Өнер мектебі ашылды. Осы кезге дейін қаламызда бір ғана Оқушылар үйі болса, биыл сол жағалаудан «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орынға арналған заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда біздің өңірде 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 заманауи мектеп құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады, оның 5-еуі облыс орталығынан салынады. Осы жоба аясында апатты мектептер мәселесі шешіледі», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, үш ауысым мәселесін шешу үшін қаладағы 4 мектепке қосымша ғимараттар салынуда. Бұл бастама нәтижесінде 5000-ға жуық орын тапшылығы жойылмақ.

Қазір инвесторлардың өз қаражаты есебінен салынған жеке мектептер желісі 24-ке жетті. Алдағы жылдары тағы 8 жеке мектеп ашу жоспарлануда. Сонымен қатар жыл соңына дейін Сыр өңірінде 5 жаңа мектеп оқушылар игілігіне табысталады.

Жуырда Қызылорда қаласы «Сабалақ» елді мекенінде дарынды балаларға арналған 150 орындық мектеп-лицей-интернаты пайдалануға берілсе, дәл осындай 150 орындық мектеп-интернат жаңа оқу жылында Қармақшы ауданында ашылады.

Үкімет басшысының Сыр еліне сапары кезінде 300 орындық жатақханасы бар 400 орынға арналған «Физика-математика» бағытындағы мектеп-интернат салу жобасы қолдау тауып, бүгінде мектеп құрылысы басталды. Тағы бір жаңалық, алдағы 3 жылда 64 балабақша ашу жоспарлануда.

Іс-шара барысында аймақ басшысы олимпиада және ғылыми жоба жеңімпаздарын марапаттады. Білім беру ұйымдарына 9 жаңа автобустың кілтін және балаларға лагерьге жолдама мен BILIMBOOK құрылғыларын табыстады.

Айта кетейік, аймақта бүгіннен бастап тамыз айына дейін «Қазақстан – бақытты балалық мекені» тақырыбында апталықтар өте бастайды. Бүлдіршіндерге арналған мәдени-рухани, спорттық, зияткерлік іс-шаралармен бірге қайырымдылық акциялар ұйымдастырылмақ.

Биыл 400-ге жуық сырбойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың, спорт турнирлерінің және өнер конкурстарының жеңімпаздары мен лауреаттары атанды. Лайықты қолдаудың нәтижесінде Сыр өрендері білім бәсекелерінде топ жарып, аймақ абыройын еселеуде. Атап айтар болсақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада командалық есепте оқушыларымыз жаратылыстану бағытында ІІ, ал гуманитарлық пәндер бойынша ІІІ орынды иемденді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұдан бөлек, 4 және 9-сынып оқушылары арасындағы білім жетістіктерін бағалау мониторингі бойынша өңіріміз республикада үздік үштіктің қатарына енді. Жазғы демалыс кезінде 1 – 10 сынып оқушыларының 98 пайызы жазғы тынығу лагерлерімен, әр түрлі сауықтыру, жұмыспен қамту, үйірме, экскурсиямен қамтылады.

Аймағымызда бүгінгі күні 280 мыңға жуық бала бар. Облыстағы 686 мектепке дейінгі ұйымда 60 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында 2-6 жастағы бүлдіршіндердің 88,8%-ы, ал 3-6 жас аралығындағы балалар 100% балабақшамен қамтылған. Жыл басынан қазірге дейін 1 561 орындық 13 жеке балабақша балаларға есігін айқара ашты.

©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: