Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 16:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Аймақ дамуында серпіліс бар

17.09.2022

631 0

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік маңызы бар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай жаңа әуежай терминалы салынады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әуежай терминалының жұмыстарын көрді. Жерлесіміз, меценат Болат Өтемұратов қоры жаңа әуежай құрылысын салуға ниет білдірген. Жаңартудан кейін әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алады, бұл жолаушылар ағымын екі есе арттырады. Жыл соңына дейін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталады деп жоспарланған. Жаңа терминал 3,9 гектар аумақта орналасады. Алдағы уақытта Сыр өңіріне қонаққа келушілер мен аймақ тұрғындарына халықаралық стандарттарға сәйкес салынған, жаңа терминал қызмет көрсететін болады.

Мұнан соң облыс әкімі қаладағы су торабының қайта жаңғырту жұмысын аралап көрді. Атқарылып жатқан тірліктер жөнінде мамандармен тілдесті. Қайта жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 1 млрд 260 млн теңге бөлінді. Жұмыстар толық орындалған жағдайда Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 1200 м³/с-тен 1900 м³/с-ке ұлғаятын болады.

Аймақ басшысының келесі бағыты М.Ықсанов атындағы колледж ғимараты болды. Оқу ордасы бір жыл бұрын сенімгерлік басқаруға берілген. Сенімгерлік басқарушы ЖК «Шакенова» ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық-техникалық базасын жаңартқан. Заманауи үлгідегі ғимарат білім саласын жетілдіру мен саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында жүйелі жұмыс істеуде. Қазіргі таңда политехникалық колледжде 192 студент өз мамандықтарының иегері болу мақсатында білім алып жүр. Еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман дайындау үшін оқу орнына қажетті заманауи жабдықтармен жабдықталған. Колледж мұғалімдері мен білім алушылары халықаралық, республика, облыс көлемінде өтетін шараларға, байқаулар мен мамандықтар бойынша көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл колледждің жоғары білімді маман тәрбиелеуде озық тәжірибені қолданудың айқын дәлелі.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Мағжан и К» және «Абай-Дәулет» компаниясы зауыттарының жұмыс барысымен танысты. Қызылорда облысы республика бойынша күрішке деген сұранысты толық қамтыса, экспортқа шығарылатын өнімнің 92 пайызын Сырдың ақ маржаны құрайды. Бұл компаниялар Сыр күрішін елге танытуда аянбай еңбек етіп келеді. Облыс әкімі Президенттің, Үкімет басшысының қолдауы негізінде су көлемі биыл былтырғы жылдан жоғары болғанын тілге тиек етті.

Қаладағы нысандарды аралау барысында аймақ басшысы шыны зауытына да барды. Бүгінгі күні негізгі жұмыстар аяқталған. Қалған жұмыстар бойынша – зауыт аумағын абаттандыру, іске қосу актісін және шығаратын өнімге тиісті рұқсат құжаттарын алу жүргізілуде. Бұл мәселелер де штаб отырысында қаралып, мемлекеттік органдармен бірлесіп шешілуде. Технологиялық талаптарға сәйкес пеш 1400 градус температураға дейін бірте-бірте қызатын болады. Өнім шығару үшін қажетті шикізаттық материалдардың барлығы жеткізілді. Өндірісте жергілікті шикізат – Аралдың кварц құмы қолданылатын болды. Облыс әкімі жоспарға сәйкес алғашқы әйнекті қазан айының ортасында шығаруды тапсырды. Шыны зауытының құрылысы басталар тұста, «өңір дамуына серпіліс беретін ірі жобалардың бірі» деп баға берілген болатын. Бүгінде әлеуметтік нысандарды аралау барысында облыс орталығында ауқымды жобалардың жүзеге асып жатқаны айтылды. Бұл аймақ дамуында оң серпіліс бар екенін көрсетеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: