Сейсенбі, 04 ақпан, 14:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№9,2122
04.02.2025
PDF мұрағаты

Аймақ журналистикасы да қолдауға зәру

04.02.2025

20 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Осыдан 15 жыл бұрын құрылған «Сыр медиа» мекемесі құрамына әуелгіде аймақтың аға басылымдары саналатын «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері кірді. Көп ұзамай қалалық, аудандық ресми басылымдар қосылып, жұмыс ауқымы кеңейді. Қазір «Сыр медиа» еліміз бойынша өнімін өз баспаханасынан шығарып, өзі тарататын іргелі ұйымға айналып отыр.

Осыдан 9 жыл бұрын «Қазпошта» АҚ-ның газеттерді тасымалдау тариф­терін көтеру туралы хабарламасынан кейін газетті шығарудан бөлек, жаздыру, тарату қызметін де өзіміз ұйымдастыруды да қолға алған едік. Мұндай қадамға баруымызға баспасөзге жазылудан «Қазпоштаға» түскен қаржыны серіктестік қызметкерлеріне жалақы, коммуналдық және өзге де шығындар төлеміне сұраныс арқылы алып отыруымыз да түрткі болды.

Әуелгіде қажетті газет таратушылар саны және жұмсалатын қаржы көлемі есептелді. Осылайша, баспасөз және тарату бөлімі құрылды. Қазір Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарын айтпағанның өзінде облыстың әрбір ауылында біздің мекеменің газет таратушысы бар. Жүзеге асыру үшін қосымша баспасөз маманы, менеджер, сұрыптаушы, мекенжай жазушы – барлығы 28 қызметкерден тұратын бөлім ашылды. Сонымен қатар 175 газет таратушы жұмыспен қамтылды. Газеттер облыс көлеміндегі 164 елді мекенге жеткізіледі.

«Сыр медиа» серіктестігінің баспа­сөзге жазылу және тарату қызметі бір жүйеге түсіп, басылымдарға жазылушылар тарапынан сенім қалыптасып, елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты жергілікті тұрғындарға насихаттау жұмысы үздіксіз және уақтылы жүргізіліп келеді. 2022 жылдан бастап республикалық «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Ana tili», «Aiqyn», «Литер», «Тurkistan», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ұлан» газеттеріне және «Жұлдыз», «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарына жаздыру және тарату қызметтері жүзеге асырылып келеді.

Аймақ журналистикасындағы бас­ты мәселенің бірі қаржы проблемасы екені белгілі. Бізде мемлекеттік тапсырыс, жазылым мен жарнамадан түсетін қаржыдан басқа табыс көзі жоқ. Сол себепті газет басу және тарату қызметі субсидияланса деген ұсыныс бар. Мысалы, «Қазпошта» АҚ-ға газет тарату қызметімен айналысқаны үшін берілетін субсидияны өңірлік мерзім­ді басылымдарға тікелей бағыттаса, газетті шығару мен тарату шығыны көп жеңілдер еді.

Уақыт өткен сайын газет таралымы төмендеп келе жатқаны мәлім. Бұл – барлық өңірге ортақ мәселе. Мысалы, 2022 жылы серіктестік газеттерінің жалпы таралымы 77 814 дана болса, 2023–2024 жылдары көрсеткіш 71 779 болып, екі жылда әжептеуір азайды. Жеті-сегіз жыл бұрын 92 405 дана газетке дейін таратқан кезіміз болған.

Бұған қоса журналистерді әлеу­меттік қолдаудың пакеттерін ұйым­дастыруды қолға алған жөн. Кәсіби мереке қарсаңында елорда төрінен баспаналы болу бақыты бұйырған әріптестер қуанышы – бізге де ортақ. Аймақтағы журналистерге де дәл осындай қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Мемлекеттік саясатты, республика мен өңір жаңалықтарын халыққа жеткізу қай кезде де оңай болмаған. Саладағы санамалап өткен мәселелерге қарамастан билік пен халық арасындағы алтын көпір міндетін абыроймен атқара береміз.

Марат АРАЛБАЕВ,

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: