Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қоғамның басты құндылығы – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету екенін атап өтті. Президент халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуға, медициналық көмекті қолжетімді етуге, жұмыссыздықпен жүйелі күрес жүргізуге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды барынша қолдауға ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы шаралар тек әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, аймақтардың даму көрсеткішіне де тікелей әсер етеді. Осы орайда Қызылорда облысында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыруды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын құру, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлеу, мүгедектігі бар азаматтарды оңалтуға жағдай жасау, жастарға білім гранттарын бөлу секілді кешенді шаралар жүзеге асуда. Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы облыста нақты істермен айқындалып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов мәлімдеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлді. Осы тапсырмалар аясында Қызылорда облысында да бірқатар кешенді жұмыстар іске асырылып жатыр. Алдымен денсаулық сақтау саласына тоқталсақ, өңірде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» арқылы 124 медициналық ұйыммен келісім жасалды. Бұл халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін арттырды. Биылғы жарты жылдықта медициналық ұйымдар көрсеткен қызмет толық көлемде төленді. Жұмыспен қамту саласында нақты нәтижелер бар. «2025 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде 46 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланса, оның 27 мыңнан астамы құрылды. Соның ішінде 15 мыңнан астамы – тұрақты, 12 мыңнан астамы – уақытша жұмыс орындары. 7 мыңға жуық азамат бос жұмыс орындарына орналасты, 11 мыңнан астамы субсидияланатын жұмысқа жіберілді. Ал Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша облыста 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа бизнес-идеяларды дамытуға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріліп жатыр. Биылдың өзінде 600-ден астам азамат осындай қолдауға ие болды. Сонымен бірге мүгедектігі бар жандарды қолдау бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Өңірде 27 мыңнан астам азаматтың 23 мыңнан астамы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада бірінші орында тұр. Инватакси қызметін пайдаланып жүрген тұрғындар саны да артып келеді. Қазір облыс көлемінде 67 арнайы көлік жұмыс істеп, 1500-ден астам азамат тасымал қызметін алды. Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін 200-ден астам мектепте ақпараттық сабақтар өткізіліп, ата-аналарға түсіндірме жадынамалар таратылды. Әлеуметтік нысандарды бейімдеу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. 2025 жылға дейін 360 әлеуметтік ғимаратты бейімдеу жоспарланған болса, оның 135-і қолжетімді етілді. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың төлем көлемі де артты. Жыл басынан бері облыста 296 мыңнан астам азаматқа зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер берілді. Атаулы әлеуметтік көмек 19 мыңнан астам отбасы мүшелеріне тағайындалып, 5 мыңнан астам балаға қосымша төлемдер төленді. Сонымен қатар 700-ден астам отбасы коммуналдық шығындарын жабуға тұрғын үй көмегін алды. Жекелеген санаттағы 8 мыңнан астам азаматқа жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік төлемдер жүргізілді. Жастарға қолдау ретінде облыс әкімінің гранты тағайындалып, 100 талапкердің оқу ақысы төленіп, жолақысы мен тамағына қосымша жәрдем көрсетілуде. Оның 70 пайызы жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Осының барлығы – Мемлекет басшысының тапсырмаларының жүйелі орындалып жатқанын көрсетеді. Халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғасатын болады,-деді Данияр Еренғалиұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!