Кеше «AMANAT» партиясының облыстық филиалында партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Оңғарбаев сайлауалды бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Брифингте «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы, жол картасының уақытылы орындалуын қадағалау, өзекті мәселелерді мерзімінде шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. Сондай-ақ фракцияның жаңа құрамы өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жатқандығын атап өтті.
– Мәслихаттағы депутаттық фракцияда және партия жанындағы кеңестерде жол картасының орындалуы пысықталды. Бұл жиындарға жауапты ұйымдардың өкілдері де қатысты. Жол картасындағы іс-шараны іске асыру үшін қаржыландыру жағдайы талданып, тиісті ұсыныстар берілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні орындалмау қаупі бар мәселелер анықталған жоқ. Соңғы 6 айда облыста жол картасындағы 122 іс-шараның 8 пайызы орындалып, 86 пайызы орындалу үстінде, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Сонымен қатар жол картасының экономиканы дамыту бағыты аясында жыл басынан бері шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жалпы құны 10 млрд теңге болатын 198 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Ал жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыру бойынша 722 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген.
– Ауыл шаруашылығында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, су үнемдеу технологиясын қолдануды ұлғайту, «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында мемлекет меншігіне жерлерді қайтару, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биыл 2 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар – «Асыл Дән ЛТД» ЖШС-нің Қызылорда қаласында күріш өңдеу зауытының құрылысы мен Шиелі ауданында қуаттылығы 700 тонна көкөніс сақтау қоймасының жобасы. Сондай-ақ ағымдағы жылы 108 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 20 шілдеден бастап несиелендіруге құжаттар қабылдана бастады, – деді «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі.
Биыл инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту мақсатында елді мекендерді газдандыру бойынша 25 жоба іске асуда. Оның ішінде 2 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі мен Махамбет елді мекені, Жаңақорған ауданындағы Қызылмақташы елді мекеніне газ құбыры жүргізілген. Қазіргі таңда 12801 тұрғын «көгілдір отын» игілігін көруде.
Білім беру, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру бағытында да Жол картасына сәйкес 2023-2027 жылдар аралығында облыста 26 мектеп және 4 мектепке қосымша құрылыс жүргізу жоспарланған. Биыл құрылыс жұмыстарына 22 671 млн теңге қаражат қаралған. Бүгінгі күні үш ауысымда оқыту мәселесін шешу мақсатында облыс орталығындағы 4 мектептің жанынан 1850 орынға лайықталған қосымша ғимарат құрылысы жүруде. Осылайша биыл үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі деп күтілуде. Ал аудан мектептеріндегі орын тапшылығын шешу мақсатында биыл Жаңақорған, Шиелі, Қазалы ауданында жаңа білім ошағы пайдалануға берілмек.
Жол картасы аясында жүзеге асатын жобалардың бірі – спорт кешенін салу. Бұл бағытта биыл 7 аудан мен облыс орталығында барлығы 14 спорт кешені салынуда. Қазіргі таңда оның 2-еуі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 9 спорт нысаны ел игілігіне берілмек.
Денсаулық саласы бойынша аймақта құны 9,7 млрд теңге болатын 27 медициналық нысан бой көтереді. Оның ішінде 14 денсаулық сақтау нысанының құрылысы биыл басталады. Ал қалғаны келер жылға жоспарланған.
Аймақта жүзеге асатын ауқымды жобалар жетерлік. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының бақылауында болады. Брифингте «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманжол Сақыпұлы партиялық бақылау қызметі бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі күні 238 сауда нысанына, 133 дәріханаға, 114 жанар май құю бекетіне партия тарапынан талдау жүргізіліп, баға тұрақтылығы бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілген. Қазіргі таңда 31 партиялық бақылау нысаны жұмыс істеуде. Алдағы уақытта тағы 15 бақылау нысаны ашылмақ.
Сонымен қатар облыстық мәслихаттың фракция мүшелері 34 қоғамдық қабылдау өткізген. Соның аясында өткізіп 223 тұрғынды қабылдап, мәселесінің оң шешім табуына ықпал еткен.
Нәзира МҰҚАТАЕВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!