Жексенбі, 22 желтоқсан, 07:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Аймақтың бас бағбаны

21.12.2020

3054 0

Ол – әрі құрылысшы, әрі химик-биолог. Өмір жолында қос мамандықтың игілігін көрді. Оқып-тоқығанын, көріп-білгенін, түйген тәжірибесін туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнады. Қызмет қуған жоқ. Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды. Тіпті кезінде облысты басқарған Бердібек Сапарбаев оны «Аймақтың бас бағбаны» дейтін. Бір қызығы, бас бағбанның бақшасында тропикалық жемістер өседі. Міне, қызық.

– Мен әуелі құрылыс техникумын бітірдім. Артынша жоғары білім алу мақсатында педагогикалық институттың химия-биология факультетін оқыдым. Еңбек жолымды Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтында қарапайым маман қызметінен бастап, кейін 3 жылдай директордың орынбасары қызметін атқардым. Бұдан кейінгі еңбек жолым «Мелиоратор» серіктестігінде жалғасты. Бұл кезде көркейту-көгалдандыру бойынша сол уақытта аймақты басқарған Б.Сапарбаевтың берген «аймақтың бас бағбаны» деген атағым да бар еді. Мемлекеттік сыйлық иегері болғанмын. Бірнеше медаль да бар. Бір күні облыс әкімі Икрам Адырбеков шұғыл шақыртып жатыр деген хабар келді, – деп бастады Келдібай аға бізбен әңгімесін.

Аймақтың  бас бағбаны

Жетпісті алқымдаса да әлі ширақ, еңбекқор азаматтың қызметтегі елеулі жылдары осы сәттен бастау алса керек. Табан асты аймақ басшысынан шақырту алған кейіпкеріміз өзін нендей ұсыныс күтіп тұрғанын білген жоқ. Қандай жағдай болмасын, жөн-жосығы белгісіз болса, адамды алдымен үрей билейді емес пе? Ол да сол сәтте сондай күй кешіпті. «Білдей аймақ басшысы қарапайым қызметкерді арнайы шақыратындай не болды екен?», «Әлде бұрыс кеткен жерім бар ма еді?» деген ой әкім алдына барғанша маза бермеген.

– Содан не керек, алып-ұшып облыс әкімнің алдына бардым. Аймақ басшысы байыпты қалыпта «Сіз аймақта нөмірі бірінші бағбан екенсіз ғой» деді. Түсінбеген күйі үнсіз отырмын. «Өзіңіз туып-өскен жеріңізді көгалдандыруға үлес қоспай жүргеніңізге жол болсын» дегенде әңгіме ауанын бірден түсіне қойдым. Содан не керек,  дүйсенбіден бастап жаңа қыз­метке ауыстым. Қаланы көгалдандыру, суландыру жұмысы менің жауапкершілігіме берілді, – дейді кейіпкеріміз.

Аймақтың  бас бағбаны

Міне, осы кезден бастап Келдібай аға қаланы жасыл желекке айналдыруға білек сыбана кіріседі. Облыс орталығын көгалдандыруға аймақ басшысынан бастап баса ден қойған. Сырдың ауа-райының ыстығы бір бөлек, құрғақтығы, шөлейттігі өз алдына. Сондықтан көпшілік өңірде ағаш өсіру, көгалдандыру бос әурешілік деп қабылдайтын. Кейін мұның бәрі іспен дәлелденді емес пе?

Жасыл желек жанға сая

Тұңғыш Президент – Елбасының бас­тамасымен 2005 жылдан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Еліміздің барлық өңірінде қанат жайған жобадан Сыр өңірі де қалыс қалмаған. Мұны сәті келген іс деуге болатын шығар. Қаланы көркейту-көгалдандыру саласына нағыз маманның келуі бұл бағдарламаның оңтайлы жүзеге асуына сеп болған сыңайлы. Қазіргі Президент саябағы, облыстық полиция департаментінің алды, С.Бейбарыс көшесінің екі жағы сынды біршама аумақ жасыл желекке айналды. Ал оның барлығының жоба жоспарын, жүзеге асуын Келдібай Бектұрғанов қадағалап отыратын.

Аймақтың  бас бағбаны

–  Қаланың көркейту-көгалдандыру сала­сына келгесін «Жасыл ел» бағдарламасы басталды. Түпкі мақсаты – көгалдандыру, тазалықты сақтау, табиғатты қорғау, күтіп, ұстау ғой. Мемлекеттік бағдарлама аясында оған бөлінген қаржы бар. «Жасыл ел» бағдарламасымен жастарды жұмысқа тарту көзделген. Соның барлығын ұйым­дастыру маған жүктелген міндет. Соны­мен не керек, ағаш отырғызуды Сұлтан Бейбарыс көшесінен бастадық. «Ақмешіт-Сырдария» мешітінен бастап дарияға дейінгі аумақ көгалдануы керек. Көшеттерді қазіргі М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінен алдық, – дейді ол.

Кейіпкермен бірге ағаштардың жайын көріп келеміз. Бүгінде осы көше бойын­да бірнеше білім ордасы, «Ана мен бала» орталығы, тұрғын үйлер, облыс әкімдігі, банк, шығармашылық үйі бар. Осы мекемелерге жұмыс барысымен баратын, не онда жұмыс істейтін жандар ағаштардың рахатын көруде. Әсі­ресе, аймақтың аптап ыстығында жасыл желектер жанға сая. Мұны көше бойымен жүріп өткен жүргінші жақсы түсінеді. Десе де осы қаз-қатар тізілген ағаштардың біршама жерден кейінгі қалпы бұзылған. Байқасаңыз, бір жері қалың, бір жағы сиреп қалған. Бас бағбаннан мұның себебін сұрадық.

– Бұл бастама жақсы басталған еді. Артынша қаржы үнемдеу мақсатында сол маңға ағаш отырғызу әр ауданға тапсырылды. Арғы беті №264 мектеп-лицейі, бер жағында «Білім-инновация» лицей-интернаты тұсында ағаштар әркелкі отырғызылған. Сондай-ақ әуелгідей тек бірыңғай терек ағашы емес, басқа түрлері егілген. Әр ауданнан ағаш отырғызуға келгендер кәнігі маман емес қой, – деді бізге мән-жайды түсіндіріп.

Аймақтың  бас бағбаны

Аяқ су қалай келді?

Сусыз тіршілік жоқ. Иә, барша тіршілік иесі сусыз күн кеше алмайды. Сол сияқты ағаш отырғызу бір бөлек, оны күтіп-баптау, суару өз алдына бөлек жұмыс. Маман қаланы көгалдандыру тек ағаш егумен бітпейтінін білді. Еккен талдарды уақытылы суару керек. Ол үшін аяқ су тарту қажет. Осы орайда ол қалаға аяқ су жүргізудің жобасын жасауды қолға алады. Жоспар орындалса мұнысы игілікті іс болмақ.

– Дария жағасында тұрып, аяқ судан таршылық көру ұят қой, – дейді әңгіме арасында Келдібай аға. Сөйтті де, өзінің осы жобаны жүзеге асыру үшін басшылыққа жазған ұсынысын сөзбе-сөз айтып берді.

– Тасбөгет кентіндегі байырғы Сталин, қазіргі Байқадам каналынан бастау алатын, ұзынды 4,2 шақырымды құрайтын, Жібек жолы көшесіне қарама-қарсы Сарқырама тектес бас арық  салсақ, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігі 62 процент аяқ сумен қамтамасыз етілер еді, – деп қала әкіміне ұсыныс хат жолдадым. Ол тұста шаһар басшылығына С.Қожаниязов келген. Қала әкімі ұсынысты қолдады. Енді бұған облыс әкімінің келісімі керек. Сонымен не керек, ұсыныспен облыс басшысының алдына бардық. Жобаны мақұлдады. Сол мезетте қала басшысына қаржы көзін қарастыруды тапсырып, бас арық салу қолға алынды, – дейді өткеннен сыр шерткен кейіпкеріміз.

Аймақтың  бас бағбаны

Келдібай ағаның айтуынша, сол кезде жекеменшік мекемелер тарапынан қалаға аяқ су тарту көзделген. Соның бірін іске асырып көрген екен. Дегенмен жазда су айдаған насостар, қыста қатып қалып келер жылға жарамсыз болған көрінеді. Осыдан соң 6 ай сайын 500 мыңға насос орнатқанша, тиімді жолын қарастыруды ойлайды.

Қазір Байқадам каналы тұсында 4 насос орнатылған Сарқырама тектес бас арық бар. Екеуі негізгі, екеуі резевте тұрған насос арқылы каналдың суы арыққа құйылады. Сол бас арық Тасбөгеттен бастау алып, №264 мектеп-лицейінің тұсынан тұйықталады. Әрі қарай арық, атыздар арқылы сол маңды аяқ сумен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде аталған аумақ жасыл желекке оранған. Тіршілік көзі табиғатқа нәр беріп, туған жердің тынысын аша түскен.

Осы орайда бас бағбан қаланы аяқ сумен толық қамтамасыз етудің тетігі Қызылжарма каналын іске қосып, әр аумаққа арық жүргізу керек екендігін атап өтті. «Көгалдандыру үшін әуелі суын ойластыру керек» деген маман ағаш отырғызудағы тәжірибесімен де бөлісті.

– Ағашты көктемде, күзде егеміз ғой. Екі мезгілде де отырғызған жақсы. Күзде еккен ағаштың түбіне су құйып, сонысымен қалдырасың.  Көктемде  нәтижесін бере­ді. Ал, көктемде еккеннің жөні бөлек, күн жылынып, жердің тоңы жібіген тұста отырғызсаң күтімі жақсы болса жайқалып шыға келеді. Біздің аймақты аптап ыстық, қолайсыз деп жатады ғой. Онымен келіспеймін. Қалауын тапсаң, кез келген өсімдікті өсіруге болады. Мәселен, қарағайдың күтімі қиындау, дегенмен жасыл арша, шырша дегенді жерсіндіруге болады, – дейді.

Бейнеттің зейнеті

Кезінде аймақта таптырмас маман болған Келдібай Бектұрғанов қаланы көркейту, көгалдандыруда келісті еңбек етті. Осы саладағы 650 жұмысшыға, 200-ден аса техникаға жауапты маман ретінде міндетін абыроймен атқарды. Жоғарыда атап өткен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны шашау шығармай, өзі мақсатты жұмсай білді. Мұның барлығы оның іскерлігінің арқасы еді. Бүгінде ол зейнетке шығып, өсірген ұл-қыздарынан немере сүйіп, ұрпағын өнегесімен өріс­теткен ардагер. Қаланың құрметті азаматы.

Р.S. Кейіпкеріміз зейнетке шықса да, уақытты құр өткізбейді. Үйреншікті әдет қалсын ба? Есік алдындағы бақшасына өңірде кездеспейтін түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, оны баптаумен айна­лысады. Биыл сол баптаған ағаш­тардың алғашқы жемісін жеді. Иә, ол кісінің бақшасында анар, беже (айва) сынды өзгеше жемістер өседі. Кейіпкеріміз субтропикалық, раушангүл тұқымдас өсімдікті өңірде жерсіндірген алғашқы бағбан.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: