Жұма, 29 қараша, 17:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Алаяқ

19.10.2021

1034 0

Түн. Айнала қою-қараңғы. Тас түнектен ай сәулесi түгiлi жымыңдасқан жұлдыз да көрiнбейдi. Ымырасыз өлi тыныштық орнаған iспеттi. Тылсым тыныштықты бұзып келе жатқан тек Бекзат қана. Жүрiсi мен киген киiмiне қарап, құдды бiр түн баласы дерсiң. Ұзын бойлы, сұңғақ денелi, қыр мұрынды, бидай өңдi Бекзаттың ажарлы жүзiне қараған кез келген жанның көзi сүрiнедi. Мөлдiреген көзi мен қою қара қасына ауылда ғашық болмаған қыз некен-саяқ. Барлығы Бекзатты ұнататын. Ол айналасындағылардың өзiне қызыға да, қызғана да қарайтынын бiлетiн. Бiрге жүрген достары әзiлдеп «әйелдiң сұлулығы – соры» дейтiн едi, сенiң сұлулығың керiсiнше, бағың болып тұр» – деп қағытып қоятын.

Әркiмнiң өз мiнi, өз кемшiлiгi болады емес пе?… Түр-тұлғасы мен бет-бейнесi жылтырап тұрғанмен, бұл Бекзатың «сырты бүтiн, iшi түтiннiң» нағыз өзi. Алдап түсiрiп, жас күнiнде-ақ қанша қыздың обалына қалды. Он сөз айтса, тоғызы шындыққа жанаспайтын. Ақыры күндердiң күнiнде Арзу атты сұлу жүкті болады. Жұртқа не бетімен қарарын білмей, ұяттан өлердей болса да бұл хабарымен сүйгенін қуантамын деп ойлап, кездесуге шақырады. Ондағысы Бекзат қуанып, үйленуге ұсыныс жасай ма дегені. Уәделі жерде кездесіп, біраз әңгімелескен соң жаңалығымен бөлісуді жөн санайды.

– Бекзат, менің аяғым ауыр.

– Не дейсің?

– Бекзат екеуіміздің баламыз болады.

Бұл жаңалықты естігенде Бекзат аса қатты қуана қоймады. Бұған дейін қанша қызбен ойнап-күлсе де дәл осылай болады деп ойламаған да еді. Оның үстіне Арзу оған тек уақыт өткізу үшін қажет. Ойы сан-саққа жүгірген Бекзат бұл қыздан да құтылу керек деп ойлайды.

– Жүкті болсаң қайтейін.

– Бекзат, мен сені түсінбедім…

– Сен не мені өзіңе шынымен ғашық деп ойладың ба?

– Сонда мені… Мені алдағансың ба?

– Тыңда мені. Сен мен үшін бірінші қыз емессің. Ал баланы сылтауратып, үйленеді деп ойласаң, онда қатты қаталесесің. –Жексұрыннеме!

– Иә, жексұрын болып қалыппын ғой.

– Аймалап сүйгеніңде мен үшін жаныңды беруге даяр едің. Сөйтсем бәрі әншейін екен ғой.

– Көп сөзді қой. Оданда ана ішіңдегі баладан қалай құтылуды ойла, – деп Бекзат кетуге ыңғайланады.

–Үйленбесең сотқа беремiн, – деген Арзудың сөзiне немқұрайлылықпен қарап, құлаққа iлмей жүре бередi. Бұған шамданған жас қыз намысының тапталғанын, арының төгілгенін, өзіне өлердей ғашық болып жүрген жанның алаяқ екенін енді түсінді.

Құшағына сұр жыланша енiп, арын таптаған аңқау арамзаны тайраңдатып қоймады. Сырын анасына айтып, полицияға шағымданады. Бекзаттың тығырыққа тiрелген жерi осы едi. Арзуға жалынып-жалпайып, үйленетiн болып, арызын қайта алдыртады. Бiрақ қалағанынша өмiр сүрiп, дүниенi белшесiнен басып, жауапкершiлiк дегеннiң не екенiн бiлмейтiн Бекзат Арзуға үйлене қоймады. Баяғы әдетiне басып, оны алдап соқты. «Жұмыссызбын, үйленетiн жағдай жоқ, отбасын құруға дайын емеспiн» деген сыңайдағы сылтауды алға тартты. Алаяқ әдетiне басып, Арзуға жасанды түсiк жасатады. Бұл Арзудың өмiрiндегi ең басты қателiгi әрi орны толмас өкiнiшi болатын.

Ымырт үйiрiле Бекзат үйреншiктi әдетi бойынша кезектi «құрбандығын» iздеп, жорыққа шықты. Бұл жолы газет бетiндегi хабарландыру бойынша «Жетi қарақшы» қонақ үйiне келдi. Қонақ үй басшылығына жолығып, өзiн «құрылыс фирмасының менеджерiмiн» деп таныстырады.

– Сәлеметсiз бе? – деп амандасқан Бекзат айналаны бiр сүзiп өтiп, сол қызметте жүрген адамдарша сөз қозғады.

– Газетке берген хабарландыруларыңызға қарағанда сiздер қонақ үйге күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзетiн көрiнесiздер. Менiң атым – Аман. Сiздерге тамаша ұсыныспен келдiм, – деп қонақ үй иесi Мақсаттың iшiбауырына кіріп, сөзге тартты. Әкесiнiң көмегiмен өзiнiң жеке бизнесiн ендi ғана бастап жатқан Мақсат не бары 23 жаста едi. Айланың небiр тәсiлiне әбден әккi болған Бекзат Мақсатты құрыққа оңай түсiрдi. Дүрдей бiр фирманың менеджерi келiп ұсыныс жасаса, қалай сенбесін? Оның үстiне қызмет көрсету бағасы өзгелерден көш төмен. Сонымен, не керек, екеуара келiсiмнiң арқасында Аман болып танысқан Бекзат бас-аяғы бiр айдың iшiнде компаниядағы арзанқол өзбектердiң тынымсыз әрекетiнiң арқасында «Жетi қарақшы» қонақ үйiне күрделi жұмыс жүргiзетiн болады. Бастапқыда «Питак» аталып кеткен адам еңбегi сатылатын жерден он шақты қазақ жiгiтiн жалдап, Мақсатқа «Атаңа нәлет, өзбектердi қойсаңшы, одан да өзiмiздiң қазақтар iстесiн» – деп ым-жымын бiлдiрмей, дымы iшiнде қалған күйi жүре бередi. Бұзу жұмыстары толық бiткен соң цементке, әкке, гипске деп бас-аяғы екi парақты құрайтын ұзынсонар тiзiм жасап, Мақсаттың қалтасын қаға бастайды. Бiр аптадан кейiн «жiгiттер аванс сұрап жатыр», – деп келiсiлген ақшаның жартысын алады. Алғаны сол-ақ екен бiр сағаттың iшiнде өз айласын жүзеге асырған Бекзат бұл жерден де табанын жалтыратып тайып тұрады. Сол кеткеннен мол кетедi. Үйреншiктi әдетi бойынша ұялы телефонының нөмiрiн ауыстырып алады. Қала сыртындағы демалыс орындарының бiрiне жайғасып, тапқан ақшасын миллионерлер секiлдi жарата бастайды. Массаж… Қыздар…

Алдағы мақсаты тағы бiреудi алдап-соғып, қалтасын қағу болды. Өзi тағы кiсi танығыш. Ақшасы көп, ақылы аз, құрған тұзағына түсетiндердi қалай құрықтаудың амалын іздеумен әлек. Массажист қыз Лизамен мектеп директоры ретiнде танысады. Лиза да «мүмкiндiктi пайдаланып қалайын» деген оймен жұмыссыз жүрген күйеуiн қарамағына алуды сұрайды. Бекзатқа да керегi осы. Жаны ашитын сыңай танытып, «еркектiң жұмыссыз жүргенi болмас, жүз мың теңге берсең, қарауыл етiп алайын» – деп темiрдi ыстық кезiнде соғуды жоспарлайды. Лиза мұнда қатынап iстейтiн көрiнедi. Ал директорсымақ Бекзат жаңағы ақшаға тағы жүз мың теңге қосса, оны мектептегi дәрiгерлiк бөлiмшеге алатынын айтып, құрбандығын оп-оңай тұзаққа түсiредi. Демалыс орны болған соң неше түрлi адам бар. Солардың бiрi – кезiнде совхоз директоры бол­ ған, қазiр шаруашылық төрағасы Нұрман ақсақал. Кiсi танығыш, әккi Бекзат Лизамен қоса осы қарияны да айналдыра бастайды.

– Ассалаумағалейкум, ақсақал! Қалжағдайыңыз қалай?

– Уағалейкумассалам, рақмет, балам.

– Менiң есiмiм Бекзат.

– А-а, балам, Нұрман атты шалың мен боламын, – деп қарқылдай күле қарсы алған ақсақалдың iш-бауырына кiрiп, түрлi әңгiмелермен қызықтырып, ананы-мынаны айтып, айналшықтап жүредi. Бiрде ақсақалға баласы телефон шалып, егiн басына қатынайтын көлiк керектiгiн айтады. Қарияның айқайлап, дабырлап, дауыстап сөйлегенiнен iстiң мән-жайын бiлiп алған Бекзат әрекетке көшудің сәті келгенін сезеді. Егде адамдардың ұялы телефонмен сөйлескенiнiң өзi қызық қой. Қасында тұрғандар әңгіменің ау-жайынан хабардар болады. Нұрман ақсақал телефонды қоймастан қасына келiп:

– Ақсақал, даусыңыз жер жарып жатыр ғой. Сiз болмасаңыз шаруа­ шылық жұмысы тоқтап қалатын сияқ­ ты. Дабырлап сөйлегенiңiзден қатынас көлiгi керектiгiн ұғындым.

– Оның рас, балам, менсiз бiр тiрлiк бiтпейдi.

– Менiң мектеп директоры екенiмдi ұмытпаған шығарсыз, сiзге теңгеріннен шығарылған «УАЗ» автокөлiгiн елу мың теңгеге берсем аласыз ба?

– Өй шының ба-ей?! Естiдiң бе, балам?, – деп телефонның ар жағында тұрған ұлына айтып, тiптi сенiмдi адам ретiнде мақтап қояды.

Содан не керек, Бекзат қаладағы өзi бiлетiн мектептiң нөмiрi мен мекенжайын қағазға жазып берiп, Лиза мен Нұрман ақсақалдан барлығы екi жүз елу мың теңге ақшаны алып, жылыстап кете барады. Бұл кезде «Жетi қарақшы» қонақ үйiнiң иесi Мақсат полицияға шағым түсiрiп, Бекзатты iздестiрiп жатқан болатын. Демалыс орнынан кетiп, қала сыртындағы дәмханалардың бiрiнде отырған жерiнен полиция қызметкерлерi тұзаққа түсiреді.

Тергеу. Бекзаттың айлакерлiгi сонша, тергеушiлердiң өзiн алдап, шатастыруға сәл-ақ қалды. Бiр айға жуық iшкi iстер бөлiмiнiң тергеу изоляторында отырған ол айып тағушылардың өздерiн кiнәлi етiп көрсеткiсi келедi.

– Иә, Бекзат, адамды әбден шатас­ тырдың ғой, – деп майор шенiндегi тер­ геушi Мусатов жиырма сегiзiншi күн дегенде тергеудi қайта жалғастырады.

– Басеке, айтатынымның барлығын айттым. Өздерiңiз бiлесiздер, мен тазамын. Әлгiлер айтып отырған ақша мен де жоқ, – дейдi. Жiберейiн десе «Жетi қарақшы» қонақ үйiнiң иесi Мақсат пен «Питактан» жалданған он жiгiт түгел танып отыр. Оның үстiне Нұрман мен Лиза нақ бiр жауын көргендей қамауда отырса да Бекзатқа дауыс көтерiп, сөге жөнелген. Жiбермейiн десе негiзгi дәлел ақша жоқ. Амалы құрыған Мусатов Бекзатты жiберiп, артынан аңдымақ болады. Таң ата ақыры босатады. Артынан Бекзат көрмеген полиция қызметкерiн қарапайым адамдарша киiндiрiп аңды­ тады. Сөйтсе, қулығынан сұмдығы асқан әккi алаяқ ақшаны темiр жол вокзалындағы жүк сақтау қоймасын­ дағы киiмдердiң арасына салып, үлкен ала дорбаға тығып қойыпты. Қолға түстi-ау, залым.

Бекзаттың iсi сотқа жiберiлiп сонда қаралатын болды.

Сот залына кiрген Бекзат судьяны көргенде денесi мұздап қоя бердi. Жұрттың барлығын алдап-соғып, жетер-жерiне жеткен алаяқтың iсiн қарайтын судья баяғы Арзу болып шықты. Ендi құтылмасын сезген Бекзат сотқа артқан ең соңғы үмiтiнен айрылды. Иә, айлакерлiкке дағдыланған қу, әккi, алаяқтың жазасын бұ дүниеде болмаса да ана дүниеде Алла берер едi. Мұны Бекзат түсiнбеген күйi Арзуға iштей кiнә артып, қолы кiсенделiп, басын төмен салып, тағы бiр амал iздегендей сот залынан сормаңдай күйге түсiп, түрмеге кетiп бара жатты.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: