Қазақстанда eGov.kz атынан жалған хабарламалар тарататын алаяқтар көбейді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (ҰАТ АҚ) баспасөз қызметі осындай арнайы мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды kursiv.media
«Соңғы уақытта алаяқтардың eGov.kz атынан жалған хаттар мен хабарламалар жолдау, сондай-ақ телефон шалу арқылы бөгде сервистер мен сайттарға, соның ішінде Telegram және WhatsApp мессенджерлеріндегі чаттарға өтуді сұрау жағдайлары жиілеп кетті. eGov.kz қызметкерінің жеке басын немесе өкілеттігін растайтын ешқандай құжат жоқ екенін хабарлаймыз. Сондай-ақ eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы бөгде сайттарға немесе мессенджерлердегі чаттарға өту туралы хабарламалар жібермейді», – делінген хабарламада.
Мемлекеттік қызметтерді алу мәртебесі туралы хабарламалар тек бұрын eGov.kz немесе eGov Mobile жүйесінде осы функцияны қосып қойған пайдаланушыларға ғана жіберіледі. Хаттар тек қана info@egov.kz электрондық мекенжайынан жолданады.
«Сіздерден сақ болуды және электрондық пошта мен мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерге өтпеуді сұраймыз, себебі бұл дербес деректеріңіздің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Мұқият болыңыздар! Алаяқтардың құрығына түспеу үшін детальдарға мән беріп, күдікті сілтемелерге баспаңыздар және ақпаратты әрдайым қайта тексеріңіздер», – деп үндеу тастады ҰАТ АҚ мамандары.
Осыған дейін Бас прокуратура да интернет-алаяқтықтың жаңа әдісі пайда болғанын ескерткен. Ол туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
