Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 01:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Алаяқтықтың құрбаны болған қандасты қорғай алмаса, құзырлы орындардың құзыры не нәрсеге жетеді? – мәжіліс депутаты

14.02.2024

664 0

Aqmeshit-aptalygy.kz – Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы алаяқтардың құрбаны болған халықтан арыз-шағым келіп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ
Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Бас прокурор Берік Асылов пен Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховқа жолдады.

“Л-капитал” деген қаржылық ұйымның құрбаны болған қандастар мына хатты Мәжіліске үмітінің соңғы сәулесіндей сеніммен жолдады. Өйткені “Л-Капитал” акционерлік қоғамының “там-тұм теңге салсаң, таудай табыс табасың” деген жалған жарнамасына алданған адам саны қазір 1 451-ге жетті. Жарнама жасап жалаулатқандардың сапында елге танымал өнер жұлдыздары да өріп жүр. Жапа шеккендердің біразы зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар. Жалпы саны 1451 жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 10 499 000 000 теңге. Осынша қаржыны “Л-Капиталдың” басшылары ізім-ғайым жоқ қылды деп арызданған отандастарымыз аталған іс бойынша соттың тым созбаққа салынып кеткеніне, прокуратура органдардың баяу әрекетіне наразы, – деді Аралбайұлы.

Депутаттың айтуына қарағанда, “Л-Капиталға” алданғандар саны 1 451-ден әлдеқайда көп. Себебі арыз жазған ағайын қаржылық құйтырқылықтың құрбандары санатында әскери бөлім қызметкерлері, түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар дейді. Бірақ олар арыз жазудан тартынып отыр, себебі де түсінікті шығар.

Нартай Аралбайұлы атап өткендей, 2008 жылы құрылған әрекеті қаржылық пирамидаға ұқсас ұйымды Алматы қаласының Әуезов аудандық Әділет басқармасы ресми тіркеген. Алғашында елге қаржылық сауаттылықты үйрететін бизнес тренингтер өткізіп бастаған компанияға қаржылық сауатымды арттырамын деп барған халық қазір солармен соттасып жүріп өз сауаттарын өздері арттырып алды.

Осы қаржылық ұйым бір кездері елдің күдігін жою үшін түрлі жобаларға инвестиция салдық деген құжаттарды көрсеткен, бірақ ол ақшалардың қайда кеткені де салымшыларға беймәлім қазір. Сонда соңғы ақшасын салған халыққа кім қорған болады? Беймәлім қаржылық ұйымдар ағайынды алдап Қазақстанда қашанғы алшаң басып жүре береді? Интернет алаяқтықтың құрбаны болған қандасты қорғай алмаса, қаржылық пирамиданың қақпанын қапқан отандасты арашалай алмаса, олардың қолды болған ақшасын қайтара алмаса онда құзырлы орындардың құзыры не нәрсеге жетеді деген заңды сұрақ туады, – дейді ол.

Депутат арызды жолдаған елдің нақты талабы қандай екенін айтты.

1 451 жәбірленуші арызының негізінде басталған сот процесі неге созбаққа салынып кеткенін және Алматы қаласындағы Бостандық аудандық соты неге Айыптау актісінде нақты айғақтар жоқ деп істі прокуратураға 3 рет қайтарғанын білгісі келеді?
«Л-Капиталдың» басшыларынан бөлек сол ұжымға ақша салуға адамдарды үгіттеген өнер жұлдыздарын да Заң алдында жауапқа тартуды талап етеді.
Халықты қан қақсатып отырған тағы бір түйткіл кооперативтер. Депутаттардың атына «Amanat Home» мен «Amanat Halyk» кооперативтеріне ақша салып не баспанасын ала алмай, не салған ақшасын қайтара алмай отырған азаматтардан арыз түсті. Әділет министрлігінің Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі «Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне» және салымшылардың ақпаратына сәйкес «Amanat Home» кооперативін сотқа беріп, шешім шығып, ол орындалмай, ақшасы кері қайтпаған 453 адам бар. Оларға келтірілген залал 1 193 231 420 теңгені құрап отыр. Бұл кезек күттірмейтін шешуді талап ететін мәселе.

Бас прокуратураның дерегінше, Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша 2022 жылы – 104 іс, ал 2023 жылдың тоғыз айында – 89 іс сотқа жіберілген. Істің саны қысқарғанмен, жапа шеккендер азаймай тұр. Себебі 2022 жылы – 892 адам қаржылық пирамиданың құрбаны болса, 2023 жылдың тоғыз айында жәбірленушілер саны – 2079 адамды құрады.

Депутат мынадай ұсыныстар жасады:

Халықтың ақшасын алып алдап соққан қаржылық ұйымдарды ауыздықтайтын ведомства аралық тұрақты комиссия керек. Себебі әр мемлекеттік орган қазіргідей өз бетінше қызмет етсе іс нәтижелі болмайды. Өйткені бір жылда қаржы пирамидаларынан келген залал 2,1 есе көбейген.
2023 жылдың мамырында Қаржылық мониторинг агенттігі 22 қаржы пирамидасын анықтап тізімін жариялады. Ол тізімді бүгінге дейін 70 мыңнан астам адам ғана көрген. Бұл өте аз, сондықтан елді ақпараттандырудың қосымша тетіктерін табу қажет. Себебі бір жылда Қазақстанда қаржылық пирамида құрбандарының жалпы саны үш есе артқан.
Былтыр 5 айда Қаржылық пирамидаға қатысы бар деген күдікпен 4000-ға жуық сайт пен аккаунтар бұғатталған, бірақ бұл да жеткіліксіз. Сондықтан күдікті сайтты бұғаттауды жедел жүзеге асыратын тетік қарастыру қажет, – дейді депутат Нартай Аралбайұлы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: