Күн райындағы біршама өзгерістерге байланысты алдағы көктемде су тасқыны болу ықтималдығы көптеген қазақстандықты алаңдататыны анық. «Қазгидромет» РМК гидромет орталығының директоры Марина Шмидт болжамды жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алаңдайды деуге келмес, бірақ осы мәселеге назар аудару керек екенін айттық. Өйткені алдын ала болжам бойынша қар көп түседі. Сонымен бірге жиі жылымық болып, артынша қайта суытуы мүмкін. Осындай құбылыстар жер бетінде мұз қабатының түзілуіне әкеледі, бұл өз кезегінде паводок кезінде жағдайды қиындатуы ықтимал. Әсіресе, бұл орталық және солтүстік өңірлерге қатысты. Шығыс аймақ та солардың қатарында, – деп түсіндірді «Қазгидромет» басшысы баспасөз брифингінде.
Айтуынша, су тасқынына қатысты нақты болжамдарды және оның қалай өтетінін 1 ақпанда гидрологтар мәлімдейді. Ал 1 наурызда негізгі болжам жарияланады. Кейін ол апта сайын нақтыланып отырады.
Біз қазір әр облысқа жеке гидрологиялық болжам жасап жүрміз. Бұрын тек жалпы карта берілетін. Қазір әр аудан бойынша күтілетін жауын-шашын мөлшерін, температураны көрсетеміз. Сол сияқты облыстардың әрқайсысына арналған жеке гидрологиялық болжам да әзірленеді, – деді Марина Шмидт.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
