«Қазгидромет» 28, 29 және 30 тамызға арналған ауа райы болжамын ұсынды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Циклон Қазақстанға тұрақсыз ауа райын әкеледі
Қазақстанның басым бөлігінде антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Алайда 29 тамызда солтүстік-батыс циклонының өтуіне байланысты елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде ауа райының тұрақсыз сипаты болжанады, ал 30 тамызда тұрақсыз ауа райы Қазақстанның оңтүстік-шығысын да қамтиды.
«Найзағай мен жауын-шашын күтіледі, 30 тамызда елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында бұршақ аралас нөсер жаңбыр мен екпінді жел болжанады. Республика бойынша жел күшейеді, батыста, солтүстікте, солтүстік-батыста түнгі және таңғы сағаттарда тұман күтіледі», – деді «Қазгидромет» синоптиктері.
Ауа температурасы қандай болады?
Елдің батысында ауа температурасы +20…+31 градус, оңтүстік-батыста – +27…+35 градус шамасында болады. Сонымен қатар айтарлықтай салқындау күтіледі:
- солтүстік-батыста – +23…+33 градустан +15…+23 градусқа дейін,
- солтүстік өңірлерде – +30…+35 градустан +15…+23 градусқа дейін,
- орталықта – +30…+37 градустан +18…+27 градусқа дейін,
- шығыста – +22…+32 градустан +17…+28 градусқа дейін,
- оңтүстікте – +30…+41 градустан +26…+35 градусқа дейін төмендейді.
- Оңтүстік-шығыста аптап ыстық сақталады – +33…+38 градус, таулы аймақтарда – +23…+28 градус.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!