Сенбі, 23 қараша, 09:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Алимент төлемейтін әке көп

07.01.2023

818 0

Осыдан 1-2 жыл бұрын үйдің кіре берісінде қарлығаштың ұясы болды. Бұған балалар қызығып, қарлығаштың балапандарына тамақ тасығанын қызыға қарайтынбыз. Балапаны қанаттанып, талпынғанша қарлығаштар тамақ тасып ұшып жүретін. Қанаты қаққанша қамқор болып, балапандары ұядан ұшқанша асырағанына куә болдық. Иә, құс екеш құстың өзі балапанын қорғайды. Өкініштісі, біздің қоғамда саналы адам¬дардың арасында өз балаларынан безу, сәбилеріне қамқор болмау, олардың жағдайларына алаңдамау белең алып барады. Осындай жайт¬тарды естігенде шырылдаған балапан¬дарына жанұшыра ұшып келетін қарлығаштар есіме түседі.
Отбасынан ажырасқан соң, өз ба¬ласына алимент төлемейтіндер бүгінде өзекті мәселе болып отыр. Баласын асыраудан қашып жүрген «көкек әкелер» қатары көбейіп барады.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңда алимент «бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай не¬месе материалдық қаражат» деген анықтама берілген. Біздің елде көп жағдайда баланы асырау үшін алимент төленеді. Сондай-ақ ата-анасынан бас тартқан ересектер де алимент төлеуі мүмкін.
Егер ерлі-зайыптылардың ара¬сында ұзақ мерзімді өтемақы, яғни алимент туралы келісім болса, некені бұзу кезінде алимент мөлшері келісім бойынша есептеледі. Егер ажырасқан ерлі-зайыптылар келісімге қол қоймаса, онда сот орындаушысы ата-анасынан алимент төлеуді талап етеді.
Алимент мөлшері мен төлеу тәртібі, сондай-ақ отбасы мүшелерінің қаржылық міндеттемелері кодекстің 5-бөлімімен реттеледі. Елімізде 2022 жылғы алимент мөлшері ең төменгі сома – бір балаға 15 мың теңге болды. Бұл ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігі. Ең төменгі жалақы мөлшері былтыр 1 қаңтардан бастап 60 мың теңге болып бекітілді. Яғни бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек. Болашақта қаржылық және от¬басылық жағдайға байланысты бұл қаржы әртүрлі болуы мүмкін.
Ресми дереккөздерінде жариялан¬ған мәліметке сүйенсек, 2022 жылы елімізде шамамен 8 мың ата-ана алимент төлемеген. Олардың екіден, үштен балалары бар. Демек, қанша бала әкесінің немесе анасының қам¬қорлығына мәжбүр деген сөз.
Қызылорда қалалық сотының төрағасы Дархан Кентбаевтың сөзіне сүйенсек, қаламызда да алимент тө¬леуден қашып жүрген әкелер көп. Олар көбіне, жеке жұмыс істеп өздерін жұмыссыз ретінде көрсетеді. Осылайша төлейтін алименттерін аз етіп көрсетеді немесе төлеуге шамалары келмейтінін алға тартады. Демек, әкелік борышынан бас тар¬тып, заңға бағынбай жүргендердің кесірінен жалғызбасты анаға отбасы тауқыметін арқалауға тура келеді.
– Алимент балалардың несібесі. Соны көп азаматтар түсіне бер¬мейді. Олардың түсінігінде анасы ол ақшаны жұмсап, ішіп-жеп жүреді деген ой қалыптасқан. Жауап¬кершіліктен қашып жүрген таны¬сымды көргенмін. Алимент төлеуді өзіне міндет санамайды. Баланың қажеттіліктерін өтеуге берілетін қаржы екенін түсіндіре алмадым. Өкі¬ніштісі, ақша ата-ана мейірімін алмастыра алмайтынын түсінбейтін әкелер бар. Олар үшін маңыздысы ақша. Өз баласына беруге қимайды. Өз баласының тірі жетім болып өскеніне көз жұмып, қатігездік та¬нытатын әкелердің көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Баланы жал¬ғыз тәрбиелеу – анасына қиын екені белгілі. Өйткені әкесі мен анасынан мейірім көрмеген баланың мінезі де ауыр болады. Сондықтан ер азаматтар жауапкершілікті сезіне білсін. Әке деген атына лайық бола білсе, – дейді көпбалалы ана Базаркүл Байдалиева.
Қасиетті Құранда «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие, алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» делінген. Осыдан-ақ отбасындағы әкелердің орны мен міндетінің жоғары екені аңғарылады. Алайда арамызда өз қанынан жаратылған ұрпағын тірі жетім етіп, оған қажетті қаржыны беруден бас тартып жүрген ер-азаматты көріп, таңғаласың. Ал баласына қамқорлық пен қажетті ақшаны ала алмаған әйелдер жеке сот орындаушыларын жағалап жүр. Бірақ өз баласын өзектен тепкен әкеден не қайыр?…
Әрине, әке-шеше ажыраспай, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін! Балаға да ең қажеттісі осы. Дегенмен жалғызбасты ана да, әке де, олардың қамқорлығына зәру бала да көбейіп тұр. Оларға жауап¬кершілік ретінде алимент төлеу міндет етілген. Ал оның өзінен қашып жүргендер жетерлік. Қайтпек керек?
Алимент мәселесін болдырмаудың бірден-бір амалы ажырасушылар қа¬тарын азайту екені белгілі. Қазіргі уақытта жастар отбасы құндылығына мән бермейді. Олардың санасын батыстық үлгілер баурап алған. Санасы уланған жастардың ойында жалғыз өзі бала тәрбиелеуге болады деген түсінік қалыптасқан. Тіпті тұрмыс құрмай-ақ сәбилі болып алудың қалайтындар жетерлік. Мұның барлығы балаларға кері әсер ететінін түсіне бермейді. Бауыр еті баласының тағдырын ойлайтындар азайып бара жатқаны өкінішті. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қазақ. Сондықтан да жастарды ұлттық тәрбиеде тәрбиелеудің жо¬лын қарастыру қажет. Балаға деген мейірім жоғалған қоғамның бола¬шағы да бұлыңғыр болатынын ұмытпаған жөн-ау.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: