Алматыда ағаш құлап, салдарынан жол жиегінде тұрған автокөлік зақымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Threads желісінің қолданушысының сөзінше, бүгін таңертең ағаш жаңа тұрғын үй кешендерінің жанында жол шетінде тұрған электромобильдің үстіне құлаған.
Куәгердің айтуынша, қураған ағаш көліктің төбесіне және капотына түскен.Ал қасында жаяу жүргіншілер жолы тұр. Құлау сәтінде адамдар да болуы мүмкін еді. Енді сұрақ мынадай: “Осыған кім жауап береді? Көлік иесіне келген шығынды кім өтейді? – деп жазды автор.
Қала әкімдігі оқиғаның Алмалы ауданында, Төреқұлов көшесінің бойында болғанын айтты.
Ағаштың тротуар бойында, қоршаудың жанында өсіп тұрғаны анықталды. Санитарлық жағдайы қанағаттанарлық. Ағаш түрі – қарағаш, жасы 35 жылдан асқан, діңінің диаметрі 50 мм-ден асады. Санитарлық кесуге жатпайды, сондай-ақ тек сыртқы тексеруге сүйене отырып, бұтақтардың немесе тұтас ағаштың құлау ықтималдығын болжау мүмкін емес, өйткені қурау белгілері жоқ, – деді қала билігі.
Әкімдік мәліметінше, HiPhi Z маркалы көліктің (панорамалық төбесі және тірек бөлігі) материалдық шығыны бар. Көлік иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта құлаған ағашты шығару жұмыстары аяқталуға жақын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!