Алматыда экологтар белгісіз заттар төгілді деген ақпараттан кейін Қарғалы мен Үлкен Алматы өзендерін тексеріп, оның қорытындысын жариялады. Мамандар өзенге жасыл түсті заттың төгілгенін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
5 тамызда Қарғалы өзеніндегі судың жасыл түске боялғаны туралы ақпараттан кейін экология департаментінің мамандары жедел түрде оқиға орнына барып, өзен арнасы бойын – Жандосов көшесінен бастап “Теплоэнергетик” бау-бақша серіктестігіне дейін тексеріп, су сынамаларын алды.
“Зерттеу нәтижелері бойынша судың негізгі сапа көрсеткіштерінен артықшылықтар анықталған жоқ. Сондай-ақ алдын ала бағалау бойынша бір рет жасыл түсті зат төгілген. Болжам бойынша, осы себепті ол өзен ағысымен тез тарап, көзге көрінбей қалды”, – деді Алматы қаласы бойынша экология департаменті бөлімінің басшысы Алмат Алқожа.
6 тамызда әлеуметтік желілерде Сайран көлінен төмен, Үлкен Алматы өзенінің арнасында судың осындай жасыл түске боялған видеосы тарады. Экологтар оқиға орнына барып, ештеңе анықтамады. Алынған су сынамалары да зертханалық тексерістерден кейін ешқандай күмән тудырған жоқ.
Экология департаменті өзенге төгілуі мүмкін затты және кінәлілерді табу үшін полициямен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!