Кеше елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» және «Парыз» республикалық конкурсы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Облыстан қатысқан бірнеше өндіріс ошағы байқау жеңімпазы атанды.
Аталған байқауға облыс бойынша 33 компания өтінім берген екен. Нәтижесінде әр түрлі номинация бойынша үш компания үздік деп танылды. Сонымен, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясымен қызылордалық «Жаңажол» ЖШС марапатталды. Орынбасар Төлепов басшылық ететін кәсіпорынның негізгі бағыттары – күріш өсіру және ішінара мал шаруашылығы. Соңғы 20 жылдан бері күріштің өнімділігі тұрақты болып, облыста алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың біріне айналған. Бүгінде шаруашылықта 400-ден астам маман жұмыспен қамтылған.
Ал, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Торғай-Петролеум» АҚ лауреат атанды. Облыс экономикасына елеулі үлес қосып, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсартуда орнықты жұмыстармен алдыңғы қатардан көрінген компания шикі мұнай мен ілеспе газды өндірумен айналысады. Кәсіпорында 458 адам жұмыс істейді. Байқау белгісі елорда төріндегі салтанатты шарада компанияның бас директоры Қайрат Арынғазиевке табысталды.
Тағы бір қызылордалық кәсіпорын «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясын иеленді. Ол «Номад Солар» ЖШС. Марапат мінберінен көрінген бұл кәсіпорын жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндірумен айналысады. Қуаттылығы 28 МВт күн электр станциясы облыстағы ең ірі станциялардың бірі. Кәсіпорын басшысы Плезан Пьерр де марапат мінберінен көрінді.
Республикалық конкурсқа Қызылорда өңірінің кәсіпорындары 2008 жылдан бері белсенді түрде қатысып келеді.
Салтанатты шарада Президент келесі жылдан бастап «Парыз» байқауының жеңімпаздарын анықтау кезінде қосымша талаптар болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға үлес қосу. Бұл – мемлекетіміз бен бизнестің азаматтарымыз алдындағы ортақ борышы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!