Бейсенбі, 18 қыркүйек, 12:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№70, 2183
16.09.2025
PDF мұрағаты

Анаға арналған миллиардтар: Қазақстанда көпбалалы отбасыларға төлем рекорд жаңартты

18.09.2025

37 0

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2025 жылы Қазақстанда көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға 404 млрд теңгеден астам мемлекеттік жәрдемақы төленді. Жәрдемақы мөлшері 6,5%-ға өсті, төлем көлемі рекорд жаңартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 855 мың отбасы жалпы сомасы 404,3 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 612 мың отбасы 352,2 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 243 мың адам 52,1 млрд теңгеге қамтылды.

2025 жылдың тамыз айында жоғарыда аталған жәрдемақылармен 846,8 мың отбасы жалпы сомасы 49,8 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен 602,3 мың отбасы 43,3 млрд теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен 244,5 мың адамға 6,5 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, – делінген министрлік хабарламасында.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:

– 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;

– 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;

– 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;

– 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;

– 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:

  • «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқанын атап өтеміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: