Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 16:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Анамның ақ батасы жеңіске жетелеген

28.06.2022

911 0

Жақында Елордадан ақжолтай хабар жетті. Жерлесіміз әрі әріптесіміз, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әлібек Жарықбаевтың «АМАNAT» партиясы ұйымдастырған республикалық байқауда «Рәміздер – елдіктің нышаны» атты мақаласы үздік деп танылды. Мереке қарсаңында әріптесімізбен хабарласып аз-кем әңгімелескен едік.

– Әлібек, марапат құтты болсын! Жеңімпаз атанғаныңыз­ды естігенде қандай әсерде болдыңыз?

– Үлкен рақмет! Әуелі Алла, сосын анамның ақ батасының арқа­сында келген көкжиек деп білемін. Бұл менің ғана емес, жалпы Сыр журналистерінің жеңісі. Шыны керек, мен бастапқыда сене алма­дым. Осыған дейін байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргеніммен, бұл жеңіс мен үшін күтпеген жаңалық болды. Сәр­сенбі күні түнгі уақытта Ринат Думанұлы ағамыз хабарласып, Нұр-Сұлтанға тез келу керегімді айтты. Ертесіне қайта қоңырау шалып, сен жеңімпазсың дегенде абдырап қалдым. 

– Байқауға қандай тақырыпта, қай мақалаңызды ұсындыңыз?

– Негізі байқауға үш тақырып бойынша мақала берген едім. Жас­тар жөнінде, әлеуметтік мәселеге байланысты және ҚР Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығына бай­ла­нысты мақалалар жібердім. Со­ның ішінде «Рәміздер – елдіктің нышаны» деген тақырыптағы мақалам үздік болды. 

– Марапат табыстау салтана­тына ұшаққа билет табылмай бара алмайтыңызды білгендегі ішкі сезіміңіз қандай болды?

– Бейсенбі күні Түркістаннан ұшаққа билет алып қойғанмын, бі­рақ жолдағы кедергілер бар, ұшақ­тың ұшуына 20 минут қалғанда ба­рып, тіркеуге үлгермей қалдым. Содан еңсем түсіп ауылға қайттым, түні­мен ертеңіне Қызылордадан, Шым­кент, Түркістан, тіпті Алматыдан Елордаға ұшатын ұшаққа билет іздедім. Алла сәтін салмағанын түсіндім, сонда да іздей бердім. Амал жоқ, ұйымдастырушыларға хабарласып бара алмайтынымды айттым. Ринат ағамыз қоңырау шалып, жарайды онда дегенде, бәрі бітті деп ойладым. Бірақ, билет табылмай жатқанда өзімді қоярға жер таппадым.

– Бұл жеңіс сізге несімен құнды?

– Бұл жеңіс мен үшін журналис­тика саласындағы ең бір биік мін­бер болды. Шығармашылығыма шабыт берді, мамандығымның қадір-қасиетін тереңірек ұқтыра түсті. «AMANAT»-тың  аманатын арқа­ладық, енді ұлтқа қызмет ету­дің ұлы жолын жалғастыра береміз. Бұл жай ғана жеңіс емес, жауапкершілік жүгі деп түсінемін. Осы тұғырда тілекші болып жүрген жақын жан­дарға, «Жаңақорған тынысы» газеті редакциясының ұжымына, «Сыр Медиа» ұжымына, арнайы Қаныбек Әбдуов, Нұрлат Байгенже және баян Үсейінова ұстаздарыма мың алғыс.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?

– Жалпы өздеріңіз білетіндей бұл саланың бүгінгі ахуалы күр­делі. Мәртебесі мен жалақысы жаны­мызға батады. Дегенмен, жүрек қалауы болған соң, жарты жолдан кетіп қалуға қимадым. Әйтпесе, тәуір ұсыныстар болды. Бірақ тіршілігім тілшілікпен байла­нысқаннан кейін асығыс шешім шығармауға тырыстым. Алла бұйыртса елдегі жаңа медианың жүгін арқалап, жарқын белестерге жетуге тырысамыз. Алда байқау көп, елдің атынан сынға түсіп көруге тырысамын.

– Мерекелік лебізіңіз…

– Қолына қалам ұстаған бар­ша қаламгер қауымын, Сыр журна­листерін, «Сыр медиа» ұжы­мын төл мерекемен шын жүректен құт­тықтаймын. Жеңісті күндер көп болсын!

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Т.БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: