Жексенбі, 22 желтоқсан, 17:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Апамды он қадақ шәйға сатты…»

31.05.2024

631 0

Ашаршылық. Бұл нәубет туралы 31 мамырда ғана айту үрдіс алды. Алайда қазақ ашаршылықтың зауалын бірнеше рет тартты. Екіншідүниежүзілік соғыс жүріп жатқанда тылдағылар тоқ болған жоқ. Бригадир боп атқа қонғандар колхоздың бір түйір масағын да ұстатпай, балаларды дырау қамшының астына алса, ересектерді айдауыл сотсыз, тергеусіз атып тастап отырды. Қазақ топырағында жазықсыз төгілген қан көп…
Назарларыңызға апалы-сіңлілі кейуаналардың аз-кем естелігін ұсынамын.
…Соғыс басталды деген жылы әкемізді уайымкаматқа /военкомат/ алып кетті. Кейін білдік, сол жақтан пойызға салып, майданға аттандырып жібергенін.
Әкеміз өте шаруақор адам болатын. Тектілігі де бір төбе. «Елде бір жаман жағдай болатын секілді. Түсімде атам аян берді» деп, үйдің астынан ұра қазды, сол ұраға бидай толтырды. Еденді қайта қалап, жым-жылас қылып, ашар тұсын шешеме көрсетті.
«Түсімде атам оттың ішіне кіресің-ау, ботам!» деп теңселіп тұр екен. Бекер емес. Балаларға еге бол», – деп шешеме тапсырыпты. Мұны кейін естідік апамның /шешесі/ аузынан. /Сол ұраның арқасында кәртішкемен грамдап нан беретін уақытқа өлмей жеттік/
Не керек, ауылда еркек атаулы саусақпен санаулы қалды. Алғашқы қара қағаздар да келіп, қара жамылған шаңырақ уақыт оза көбейді. Қара кемпір, қара шалдар көбейді. Ақ сазандай жас келіншектер қара қағаз алып, «аһ» ұрып, зарлы дауыс салғанда сүйегің сыздайды. Ауыл бейне бір үздіксіз жоқтау айтып тұрғандай мұңлы кейіпке енді.
Адамнан айла артылған ба? Жоғарыда адамы барлар зіңгіттей ұлдарының жасын кішірейтіп, орнына кедей-кепшік, жалғызбастылардың кәмелетке толмаған балаларын жасы толған деп дүкімент /документ/ толтырып, майданға аттандырды. Ауылда қатын-қалаш, бала-шаға, кемпір-шал, бірді-екілі ақсақ-тоқсақ қалды. Тіпті мылқауды да, саңырауды да солдат қып жіберді ғой.
Үйдің тірлігін түгендеп, бәрімізге әрі еге әрі ес боп жүрген екі ағамыз бар еді, бірінің жасы 11-де, екіншісі 13-те. Оларды да бойлары биік болған соң солдаттыққа жарайды деп, әй-шәйға қарамастан соғысқа жіберді. Алақ-жұлақ етіп, жылап біз қалдық. Шешеміз содан көп уақыт ұзамай жаман ауруға ұшырады. Колхоздың жұмысына жарамайды. «Колхоздың жұмысына шық, не жатыс сенікі деп» бір күні біргәдір /бригадир/ шешемізді қамшының астына алып, қан-жоса қып сабап жатқанының үстінен түстік. «Ағатай, ұрмашы, жалынамыз, анамыз ауру ғой, біз шығамыз апамның орнына» деп, екі қыз біргәдірдің аяғын құшақтай, ағыл-тегіл жыладық, дойыр қамшы бізге де тиіп, қорлықтың алғашқы сәтін бастан өткердік.
Шешем күнде ұрадан екі уыс бидай алып, диірменге тартып, түн ортасында түтін шықпасын деп атала қайнатады. Біріміз 7-де, екіншіміз 5–теміз күнде таңғы 4-те тұрып, аталадан бір асап, колхоздың жұмысына жегілдік. Қолымыз қан-жоса боп канал қаздық, қандай жұмыс бар, соның бәрін істедік. Колхоз адам басына грамдап қара нан беретін болды. Қолымызға жан басына шаққан кәртішке береді. Оны орталыққа апарып, нан аламыз.
Бір күні кәртішкімен үш адамға тиесілі нанды алып, ауылға келе жатқанымда артымнан бір еңгезердей сақал-мұрты өсіп кеткен орыс қуды, сірә, соғыстан бой тасалап жүрген болуы керек. Әрі аш. Қаша жөнелдім. Ол да қояр емес, қуып сала берді.
Сырдария ол кезде молынан ағатын. Қолдорбамды мойныма іліп, дарияға күмп бердім. Әлгі орыс та суға қойып кетті. Жанұшыра жүзіп, арғы бетке әзер өтіп тұрсам, әлгі маған ентелей келе жатыр екен, қайтадан келесі бетке жүздім, екінші жүзгенімде шаршап, қол-аяғым қарысып қалды. Жағаға жете бергенімде әлгі жүндібет қол созым жерде екен. Дорбадағы наннан айрылмауым керек, одан қағылсақ, аш қаламыз, шешем болса да ауру, жанекпінмен судың астына қайта сүңгіп кеттім. Өлдім-талдым дегенде келесі жағаға жеттім. Бітті, енді қуса, орнымнан тұра алмаймын, наннан айрылатын болдым-ау деп жан-жағыма қарасам, әлгі орыс арғы бетте, діңкесі құрып қайта жүзе алмапты. Құдай сақтап, дарияның суына малынған нанмен үйге де жеттім. Кендірге кептіріп жедік.
Бір күні шешем орнынан тұра алмай қалды. Қара су да өтпеді тамағынан. Езуінен қап-қара қан кетті. Қарайлайтын мүмкіндік жоқ, екі қыз жылап-еңіреп колхоздың жұмысына кеттік. Кешке құр сүлдерімізді сүйретіп келсек, көрші әйелдер дауыс салып жүр екен. Бірден түсіндік…
Біздің балалық шағымыздың соңғы нүктесі осылай қойылды.
Шешеміз өлгеннен соң бізді алыс бір туыстарымыз қолына алды. Жарты жылға жетпей өзімнен екі жас үлкен апамды 10 қадақ шәйға /шамамен 10 келідей/ Шым жаққа күйеуге берді. Ал, мені балалар үйіне өткізді. Нанға талас енді балалар үйінде жалғасты. Басқаларға қарағанда еңбекпен өскем, шымырмын, ешкімге есемді жібермедім.
…Кейін екі қыз бір-бірімізді таптық. Үйлі-баранды болдық қой. Ауыл жаққа бардық. Бірақ, шешеміздің бейітін таппадық. Бір көнекөз қария ескі қорым осы маңда деп нұсқаған жерге барсақ, шеңгел, жыңғыл өскен тұс екен. Қай жыңғылдың түбінде қалғанын кім білсін..? Басына ол сұрапыл шақта белгі де қойылған жоқ қой. Жобалап, дұға қылдық. Әкеміз майдан даласында қалды. Қара қағаз келіпті ғой ауылға. Екі ағамыз хабар-ошарсыз кетті. /Біреуі сәмәлөт айдаған екен, пәшістің сәмәлөтіне соғып, күл-талқан болды деп естідік/.
…Апам нан ұстаса, қолдары дірілдейді. Нан біз үшін қасиетті Құрандай еді. Әлі сол әдеті қалмаған. Ақ нанға алғаш аузымыз тигенде тоқтаусыз жылағанымыз есімде. Кейін елде тоқшылық болған тұста әр жерде нан жататынын көзіміз көрді. Соларды «кешіре гөр, құдай» деп тереміз. Әдет. Қиқым тастамаймыз. Кезінде бидайдың бір-екі сабағын кіттәй орағымен қиып алмақ болған балалар колхоз біргәдірінен қан-жоса боп таяқ жеді, қаншама адам сол екі-үш сабақ дән үшін атылды, итжеккенге айдалды. Қарақтарым-ай, нан тастамаңдаршы, айналайын, астың кепиеті тиеді.
P.S. Апалы-сіңлілінің бірі бақилыққа атанды, екіншісі төсек тартып жатыр… Төсегінің жанында ақ дәкеге оралған бір тілім нан тұр. Аракідік «жарықтық-ай» деп, жүрек тұсына басады.

"Апамды он қадақ шәйға сатты..."


Естелік тыңдаған Айнұр Тұңғышбаева

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: