Сейсенбі, 24 желтоқсан, 01:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Апатты үйлер азайды ма?

06.12.2022

1535 0

Ескірген үйлер мен апатты жағдайдағы үйлер қай елде болсын өзекті. Бұл мәселе Қазақстанда да жоқ емес. «Energyprom.kz» сайты елдегі апатты жағдайдағы үйлер жайын зерттеп көріпті.  Ең әуелі апаттты үйлер мен ескірген үйлердің айырмасының ара-жігін ажыратып алайық. Мамандардың айтуынша, іргетасымен қабырғасы жарылып, адам тұруға жарамайтын үйлер апатты деп саналады. Ал «ескірген» деген анықтаманы үйдің 60-70 пайыз тозығы жетіп, алайда жөндеу жүргізіп, үнемі тиісті мамандар жүйелі бақылау жүргізіп тұратын, адам тұруға болатын үйлерді айтады екен.

Елде апатты жағдайдағы үйлер мәселесі әлі де өзекті екені жасырын емес. ҚР АӘКД Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2021 жылдың аяғында елде апатты жағдайда 1,8 мың тұрғын үй болса, онда 25,3 мың адам тұрған. Дегенмен 2021 жылы апатты үйлердің саны аз ғана 1,3% – ға азайса, 2020 жылы көрсеткіш бірден 47% – ға немесе 1,6 мың тұрғын үйге азайды. Әрине, бұл көрсеткішке «Нұрлы жер» және басқа да бағдарламардың нәтижесі деуге болады. Айта кету керек, 2020 жылы апатты үйлер санының қысқаруы рекордтық көрсеткішке жетті. Мамандар мұның себебі Алматы қаласындағы апат­ты үйлердің толық жойылуына бай­ланысты екенін айтады. Егер 2019 жыл­дың қорытындысы бойынша Алматы қаласында 1726 апатты үй болса, 2020 жыл­дың соңына қарай біреу ғана қалған. Яғни бір жыл ішінде апатты үй мәселесі толығымен шешімін тапқан.

Ал ескірген үйлер жайына келсек, еліміздегі тұрғын үй қорының басым бөлігі ескі үйлер. 1970 жылға дейін салынған үйлер жалпы санының 30 пайыз­дан астамын немесе 750 мыңды құ­райды, ал 1971-1990 жылдары салынған үйлер-27,5% немесе 672,6 мың.  Әрине, тұрғын үйлердің тозу деңгейі әр аймақта әртүрлі болуы мүмкін: көрсеткіш сыртқы қабырғалардың материалына, тұрғын үйдің қызмет ету мерзімі мен сапасына және басқа көрсеткіштерге байланысты. Негізі 1970 жылға дейін және 1971-1990 жылдар аралығында салынған үйлердің тозығы жетті деуге болады. Бұл үйлер көпшіліке «хрущевтік», «брежневтік» деген атаулармен таныс. Тозудан апатты жағ­дайға жақын тұрған да осы үйлер.

Бүгінде елде тұрғын үйді жаңарту «2026 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы аясында және өңірлік жаңғырту бағдарламалары шеңберінде жүр­гізілуде. Яғни ескі тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен бұзу немесе жаңарту, сондай-ақ тұрғындарды апатты үйден жаңа үйлерге көшіру жұмыстары жүруде

ҚР Ұлттық статискасының мәліметіне сүйеніп, аталған сайт әр аймақтағы үйлердің жағдайын көрсетіпті. Соның ішінен Қызылорда облысындағы тұрғын үй жағдайына көз жүгірттік. Есеп бойынша облыста барлығы 119976 жеке және көппәтерлі тұрғын үй бар екен. Оның 17395-і 1970 жылы салынса, 31269-ы 1971-1990 жылдар аралығында салыныпты. Ал 1991-2000 жылдар алағында салын­ған үйлер саны – 13258. 2001-2010 жылдар аралығында 22015 үй салынып, пайдалануға берілген. 2011-2020 жылдар аралығында салынған үйлер саны – 33786. Ал 2021 жылы 2251 үй салыныпты. 2 үйдің қай жылы салынғаны белгісіз. Осы сандарға қарап аймақтағы тұрғын үй жағдайының ахуалын білуге болады. Соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде, біршама апатты үй тұрғындары жаңа қонысқа көшкені де белгілі. Дегенмен уақыт озған сайын ескірген үйлер мәселесі шыға беретіні заңдылық.

Әр елдің тұрғын үй қорын жаңарту­дың өзіндік әдістері бар. Мәселен, Германия тұрғын үйді жаңарту ісінде нәтижелі жетістікке жеткен елдің бірі. Мұнда «Stadtumbau» 2002 жылы іске қосылған. Тұрғын үйді жаңартуға ар­налған бағдарлама 2010 жылға дейін жалғасып, осы жылдар ішінде 2,5 млрд еуро инвестиция құйған. Бағдарлама ая­сында елде 260 мың тұрғын үй сүрілген. Францияда 2009 жылдан бері ескі шағын аудандарды жаңартуға арналған ұлттық бағдарлама жүзеге асуда. Бағдарлама XVІ–XVІІІ ғасырларда салынған үйлерді жаңғыртуды мақсат еткен. Бағдарламаны жүзеге асыруға 380 млн еуро бөлінген. Ал Эстонияда «SmartEnCity» бағдарламасы арқылы «хрущевтік» үйлерді жаңғыртып, оның орнына энергия тиімді үйлерге алмастыру жұмысы нәтижелі жүзеге асуда. Мұнда бір үйді жаңғырту 1 млн еуро тұрады екен. Бағдарламанын еуроодақ қоры қаржыландыруда. Бағдар­лама үйлердің қас беті жаңартылып, күн панелі орналастырылып, терезелері ауыстырылып, желдеткіштері, жылу жүйе­сін толығымен жаңарту жұмыстары жүргізіледі екен.

Елдегі апатты жағдайдағы үйлерді азайтып, ескірген үйлерді жаңғырту үшін дамыған елдердің жақсы ісін үлгі еткен артық болмас.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: