Қазақстан Республикасының сот жүйесінде құқықтық құжаттардың халықаралық деңгейде мойындалуын қамтамасыз ету – азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі болып табылады. Осы орайда, апостиль институты ерекше мәнге ие.
Қазақстан Республикасы 2000 жылғы 5 сәуірде 1961 жылғы Гаага конвенциясына қосылды. Конвенцияға сәйкес, шетелде пайдаланылатын ресми құжаттарға қойылатын апостиль – бұл құжаттың түпнұсқалығын, қол қойған адамның лауазымын және мөртабанның заңдылығын растайтын арнайы мөртабан.
Осылайша, апостиль ресми құжаттарды қайтадан легализациялау қажеттілігін алып тастайды. Бұл – Қазақстан азаматтары мен ұйымдарының шетелде өз құқықтары мен мүдделерін қорғауын жеңілдететін құқықтық құрал.
Апостильдің қолданыс аясы
Апостиль келесі құжаттарға қойылады:
- сот органдарының шешімдері, анықтамалары, сот актілері;
- нотариалды куәландырылған құжаттар;
әкімшілік органдардың ресми анықтамалары мен шешімдері;
білім беру құжаттары (аттестат, диплом, қосымша).
Ал жеке тұлғалардың қолымен жазылған хаттар немесе коммерциялық сипаттағы құжаттарға апостиль қойылмайды.
Сот жүйесінің күнделікті қызметінде апостиль институтының рөлі зор. Мысалы, азаматтық істерде шетелдік құжаттарды дәлел ретінде ұсыну барысында олардың заңдылығын қамтамасыз ету үшін апостиль талап етіледі. Бұл:
сотқа ұсынылған құжаттардың шынайылығын растауға;
тараптардың тең құқықтылығын сақтауға;
сот шешімдерінің заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына сай қабылдануына ықпал етеді.
Соңғы жылдары елімізде электронды апостиль енгізілді. Бұл азаматтарға құжаттарды онлайн түрде растауға мүмкіндік береді. Электронды апостильді енгізу – Қазақстанның құқықтық жүйесін заманауи талаптарға бейімдеп, халықаралық аренада беделін арттырудың нақты қадамы.
Апостиль институты – азаматтардың халықаралық құқықтық қатынастардағы сенімділігін қамтамасыз ететін маңызды құрал. Сот жүйесінің алдында тұрған міндет – апостиль рәсімін біріздендіріп, қолжетімділігін арттыру арқылы құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту.
Қазақстан Республикасының соттары осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда халықаралық талаптарға сай қызмет атқарып келеді.
А.Бодыкова , Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маманы |
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!