«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2025 жылдың маусым айына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Мамандардың айтуынша, жаздың алғашқы айында ел аумағында тұрақсыз ауа райы, температураның күрт ауытқуы, найзағай, қатты жел және аптап ыстық күтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің болжамынша, маусымның бірінші онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде қысқа мерзімді найзағайлы жаңбыр жиі байқалады. Атмосфералық фронттардың әсерінен шаңды дауылдар мен бұршақ болуы ықтимал. Кей күндері салқын атлантикалық ауа массалары әсер етіп, температура біршама төмендеуі мүмкін.
Батыс және оңтүстік өңірлерде күндізгі температура +30…+38°С, кей күндері +43°С-қа дейін көтеріледі. Түнде +18…+28°С. Маусымның соңына қарай күндізгі температура +28…+33°С шамасына төмендейді.
Солтүстік пен орталықта түнгі температура +10…+15°С, кейде +7°С-қа дейін түседі. Күндіз +18…+30°С аралығында. Ыстық күндері +35°С-қа дейін жоғарылауы мүмкін.
Шығыс Қазақстанда түнде +10…+15°С, күндіз +22…+30°С. Маусымның ортасына қарай ауа температурасы біршама төмендеуі ықтимал.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста (Алматы, Жетісу облыстары) күндіз +30…+35°С, таулы аудандарда +20…+25°С. Түнде +15…+20°С, таулы аймақтарда +7…+12°С шамасында.
Маусымның екінші және үшінші онкүндігінде еліміздің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында ауа температурасы +33…+40°С, кей жерлерде +43°С-қа дейін көтеріледі, – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгерістеріне дайын болуды, ал аптап ыстық күндері қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!