Әрбір істің жауапкершілігін түсінгенде ғана нәтиже болады. Өйткені, өзі түсінбеген жұмысты атқарған адам абырой мен беделге қол жеткізе алмайды. Аймақ жастарының арасында қай уақытта да өзінің белсенділігімен көш бастап, кез келген істе мығым екенін айқын аңғартып жүргендер көп. Сол қатарда Ақтолқын Нұрмағамбетова да бар. Бірде оның «Қандай жұмыс атқарсам да, нәтижесін көрмей, біреудің кәдесіне асқанын білмей, байыз таппаймын» деген сөзі ойда қалыпты…
– Қазір екінің бірі әйтеуір бір бірлестік ашып алып, қоғамда іске белсене кірісіп жатады. Оның қайсыбірі бас пайда, қайсыбірі басқа айла екенін тап басып айтып, ажырату қиын. Бірлестіктің жауапкершілігі қағидасы бар ма осы?
– Әрине, бұл – жауапкершілікті өте қажет ететін жұмыс. Үкіметтік емес ұйымдарды алтын көпір деседе болады. Бұл жұмысты мойныңа алғаннан кейін аяғына жеткенше тыпыршып кететін кездер болады. Ақшадан гөрі әрбір шараның абыроймен өтуін тілейсің. Әр бағытта жұмыс істегеннен кейін әр түрлі ортада боласың. Сол ортаның ыңғайына қарай бейімделесің. Мәселен, бес жобаны ұтып алсаң, он бес түрлі жағдайды көресің. Өйткені, мұндағы бағыт әр қилы.
– Осы жобаларыңыздың барысында ең маңызды қадам деп нені айтар едіңіз?
– Жоғарыда айтып өткендей, бірнеше бағытта, бірнеше қаламен жұмыс істедік. Сол уақыттарда өмірде бұрын-соңды көрмеген адамдармен жұмыс істейсің, араласасың. Мүлдем барып көрмеген жерде жұмыс істеу, оның үстіне бірнеше бағытта – ол жерде дұрыс жолды таңдау және ортаға сіңісе білу маңызды саналады. Ал ең маңыздысы, саған үміт артқан адамдардың сенімдеріне селкеу түсірмеу. Әрбір қызметкердің уақытылы жалақы алуы мен жұмыстың нәтижелі аяқталуы да алдыңғы қатарда тұрады.
– «Әттең, әйелмін» деп, тістеніп тұрып, әйел болғаныңыз үшін аса алмай қалған асу бар ма?
– Әрине ой саларлық сұрақ екен. Әйел заты болғаннан кейін үй шаруасын, баланы, ата-енені, жодасыңды риза етіп, солардың көңілдерін табуға тырысып жүресің. Сондай кездерде жұмысыма үлгермей жатқанда маған осы ой келеді. Бірақ менде бәрі жақсы. Отбасымның қолдауы ерекше. Жолдасым түсіністік танытады.
– Еңбекқорлығыңызға тәнтіміз. Қазір «Алма піс, аузыма түс» дейтін уақыт бар ма?
– Жо-жоқ, біз ол заманнан әлдеқашан өтіп кеттік. Осыны көп жастар түсінбейді. Қазір бәрі жұмыстың оңайын, орындықтың жайлысын іздейтін болып кеткен. Өзім еңбек жолымды ауылдық округтегі әкімшіліктен бастадым. Осы жастар саясатында ҮЕҰ-мен жұмыс істеу үшін аудан орталығына жұмысқа келдім. Ол енді 2014 жыл еді… Жұмысқа конкурсқа түсіп жатқанымда ҮЕҰ-ға байланысты ұсыныс түсті. Мен бірден қызығушылық таныттым. Аудан әкімінің алдына тұрмын, біраз сұрақ қойды. Сол кездегі жауабым әлі есімде. «Маған айлық маңызды емес, жұмыс маңызды» дедім. Сол жұмысқа ең төменгі жалақымен келдім, оған қоса ауылдан қатынаймын. Жолпұл бар дегендей. Бірақ ешқандай қиындықтарға қарамай жұмысымды жалғастыра бердім. Міне, осы жұмыстың арқасында бір емес, бірнеше бағытта жұмыс істеуді үйрендім. Қазір, сол таңдауымның дұрыстығына көз жеткіздім. Ата-анам менімен қанша қуанып, менімен қанша мақтанды. Ізденген адамға жұмыс көп. Біздің жастар жұмыс жоқ деп арызданып, кейбірі ата-анасына масыл боп отырады. Жастармен жұмыс істеу барысында осы жұмысты бірнеше жасқа ұсынғанымда «тыныш жұмыс керек», «кабинетте отыруым керек», «айлығы мынанша болса» деген сөздерді көп естідім. Бұл жауаптар кәдімгідей қарнымды аштырды.
– Өмірде не маңызды?
– Әрине, отбасы маңызды. Ата-ана, бауырларымыздың амандығы, көз қуаныштарымыздың жарқырып жүруі, өмірге саналы ұрпақ әкелу. Көңілін қалдыратын емес, үлгілі болатындай абыройлы болу. «Жер басқаныңа мәз болма, жерде ізің қалмаса» деген бір керемет сөз бар. Мен осы сөзді ұстанамын.
– Сізге сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!