Биыл Қазақстанда мемлекеттік жинақтау жүйесі – «Келешек» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама ата-аналарға балалардың біліміне қаражат жинауға көмектеседі, деп жазады Egemen.kz.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толған 7 340 қазақстандық бала мемлекет тарапынан қолдау алды. Олардың Отбасы банкіндегі «AQYL» білім беру депозиттеріне жалпы сомасы 1,7 млрд теңге болатын бастапқы білім беру капиталы аударылды.
Соның ішінде 23 бала жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ретінде 471 840 теңгеден алды.
Бастапқы капитал алдағы уақытта балаларға армандаған мамандығына апарар жолды бастауға көмектеседі. Қаражат сақталып, балаңыздың болашағына жұмыс істеуі үшін қарапайым, бірақ міндетті шартты ұмытпау маңызды. Баланың кәмелет жасына толғанына дейін немесе білім беру ұйымына оқуға түскенге дейін «AQYL» депозитін жыл сайын толықтырып отыру қажет.
2025 жылы білім беру депозитіне ең төменгі жыл сайынғы жарна мөлшері:
- 24 АЕК немесе 94 368 теңге – барлық балалар үшін;
- 12 АЕК немесе 47 184 теңге – әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін;
- 0 теңге – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін.
Жарнаны бір реттік толық сома ретінде де, бөліп-бөліп те салуға болады – бастысы, ол 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілуі тиіс.
Егер жыл қорытындысы бойынша қажетті сома толық төленбесе, мемлекет бөлген бастапқы капитал бюджетке қайтарылады.
2025 жылдың екінші жартыжылдығында 5 жасқа толатын балаларға қаражат 2026 жылдың ақпан айында аударылады.
«Келешек» бағдарламасы аясындағы бастапқы білім беру капиталы тек «AQYL» білім беру депозиттеріне ғана және ағымдағы жылы 5 жасқа толатын балаларға ғана есептеледі. Мысалы, егер бала 5 жасқа екі жылдан кейін, яғни 2027 жылы толатын болса, бастапқы білім беру капиталы 2027 жылы аударылады.
«AQYL» – білім алуға кететін шығындарға алдын ала және ең аз қаржылық жүктемемен дайындалуға мүмкіндік беретін құрал. Ол Қазақстанда да, шетелде де білім алуға арналған. Депозит неғұрлым ертерек ашылса, жеке жинақтарға банктің сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақысы соғұрлым ертерек есептеле бастайды.
«AQYL»:
- Сыйақы мөлшерлемесі – 14,9 %;
- Мемлекеттік сыйлықақы: салымшылардың барлық санаттары үшін – 5%. Ал жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларға – 7%;
- Депозит ашу кезіндегі міндетті бастапқы жарна мөлшері – 3 АЕК.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
