Бүгін қала іргесіндегі Жақыпбек Маханбетов ауылында біртуар ақын, қазақ поэзиясының шынайы шебері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ибрагим Исаевты еске алуға арналған «Есімің сенің мәңгілік» атты мәдени іс-шара өтті.
Ұлтымыздың рухани кеңістігінде өзіндік үнімен, терең ойлы туындыларымен өшпес із қалдырған Ибрагим Исаев – өмірі мен өлеңін халқына арнаған ақын. Оның жырларынан туған жерге, елге деген махаббат, адалдық пен азаматтықтың нышанын көреміз. Ол тек ақын ғана емес, ұлт руханиятына үлес қосқан ірі тұлға болды.
Бүгінгі еске алу шарасы – оның рухына тағзым, шығармашылығына құрмет, артында қалған асыл мұрасын болашаққа аманаттау. Мұра мәйегін дәуір көгінен даралаған, ұрпақ болашағына рухани дем берген, қазына қайнарын ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткізген, жыр болмысын өмір мәйегіне айналдырған Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған еске алу кеші ақын өмірінен сыр шертетін бейнероликпен басталды.
Шарада сөз алған қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов шаһардың ғасырлық мерейтойымен қатар келген бұл мәдени-рухани кештің мәні мен маңызына тоқталып, Алаштан ат оздырған ардақты ақынның өшпес мұрасы ел жадында жаңғыра беретінін айтты.
Сонымен қатар, шара аясында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ауылдың бірқатар азаматтарына арнайы алғыс хаттар табысталды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса, қоғам қайраткері, еңбек ардагері, ақынның досы Ибрагим Әбибуллаев сөз сөйлеп, ақынның азаматтық болмысын, шығармашылық әлеуетін тілге тиек етті.Алаштың анасы атанған Сырдың жағасында, бірлігі жарасқан, берекелі тіршіліктің мекені Ақсуат ауылдық округінде төл өнерімізді ту еткен ақын Ибрагим Исаевтың өміршең туындыларын қазақ өнерінің қайталанбас дарындары Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Сәкен Қалымов, Рүстембек Нұржігіттер орындап, ауыл жұртшылығына мәдени-рухани азық сыйлады.
Сондай-ақ, шара аясында түрлі көрмелер жасалып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!