Жұма, 30 қаңтар, 20:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№7 (2219)
27.01.2026
PDF мұрағаты

Арал ауданында макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім қалыптасты 

30.01.2026

55 0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Өткен жылы Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасып, негізгі 7 макроэкономикалық көрсеткіш бойынша өсім қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, аудан экономикасына тартылған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 53,1 млрд теңгені құрап, жоспар 37,3 пайызға артығымен орындалды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді.

– Өткен жылы аудан көлемінде өнеркәсіп саласында 4 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал биыл аталған бағытта тағы 3 жобаны кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауданның құрылыс саласында да ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. 2025 жылы 39,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықты баспанамен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз жалғасын тапты. Осы орайда өткен жылдың басында 150 пәтерге тұрғындар қоныстанса, қазіргі таңда 2 пәтерлі 30 тұрғын үй өз иелеріне табысталуда. Ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, өткен жылы 4 жоба аясында жалпы ұзындығы 318 шақырымды құрайтын ауыз су желілері тартылды. Нәтижесінде Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Қазіргі уақытта Абай елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, бүгінгі күні «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбырының 200 шақырымнан астам бірінші желісінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Осыған байланысты өткен жылы аталған су құбырының екінші желісін тарту жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны 43,7 млрд теңгені құрайды,- деді Аманжол Сақыпұлы.

Аудан орталығында аймақ басшысының қолдауымен бой көтерген «Руханият» орталығы бүгінде өңірдің рухани-мәдени құндылықтарын дәріптейтін маңызды нысанға айналды.

– Экономиканың күре тамыры саналатын теміржол саласы да назардан тыс қалған жоқ. Теміржол арқылы ауданға келетін қонақтар мен жолаушылар ең алдымен Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі вокзалдардың жағдайына мән береді. Осыған орай, тозығы жетіп, күрделі жөндеуге жарамсыз деп танылған ескі вокзал ғимараттарының орнына заманауи талаптарға сай жаңа вокзалдар салынуда, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: