Арал ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, құрылыс саласы мен халықты сапалы ауызсумен қамту бойынша айтарлықтай жетістіктер бар. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев мәлімдеді.
– Биылғы жылдың басынан бері ауданда 6,3 млрд теңгеге жуық құрылыс жұмыстары атқарылды. Оның ішінде құны 2 млрд теңгеден асатын 15 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ауданда тұрғын үймен қамтуды жақсарту мақсатындағы жұмыстардың қарқынды жүргенін көрсетеді. Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Ағымдағы жылы осы мақсатқа 8 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 318 шақырым болатын су желілері жүргізілуде. Қазіргі таңда Ақбасты елді мекені толық орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Ал Тоқабай мен Абай ауылдарына су тарту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Ерімбетжаға мен Тастүбек ауылдарын сумен қамту үшін де қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жүруде. Осы жобалар іске асқанда аудан халқының таза ауызсумен қамту көрсеткіші 95,9 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, тозығы жеткен «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының екінші желісін тарту басталды. Бірінші желінің 200 шақырымнан астам бөлігі 80 пайызға дейін тозған. Құны 40 млрд теңгеден асатын бұл жобаның нәтижесінде аудан тұрғындары тұрақты әрі сапалы ауызсумен толық қамтылатын болады, – деді аудан әкімі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!