Осы жылы «Qazaq Camel» ЖШС-і Арал ауданында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ сүт шығаратын зауыт салады. Бұл туралы Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар Арал ауданындағы 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен айтты.
– Өткен жылы аудан көлемінде 9 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба жоспарланып оның ішінде 3,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Тұрмысқа қажетті ұнтақ өндіру жобасымен«Ase Invest» ЖШС-і, Сексеуіл жолындағы «Sinooil» жанармай құю бекеті, «Қарашалаң балық» зауыты және «Petro Retail RFS»ЖШС-нің жол бойында қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Бұл жобалар арқылы 50 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Дәл осындай инвестициялық жобалар осы жылы да жалғасын табады. Биыл құны 5,8 млрд теңге болатын 3 жоба кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Олар түйе сүтінен құрғақ ұнтақ сүт өндіру зауыты, жоғары сұрыпты ас тұзы өндірісі, сондай-ақ Арал ауданындағы автомобиль газ толтыру комрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешені. Сонымен қоса Арал қаласындағы ілкімді жаңалық «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің мотоцикл құрастыру зауыты жобасы да бар, – деді аудан әкімі.
Арал теңізіне қатысты мәселелер шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудартқаны белгілі. Осы бағыттағы экологиялық ахуалды жақсартуға арналған жобалар ел үкіметінің де аймақ басшысының да назарында. Сондай-ақ жыл басынан бері Арал өңіріне келген ішкі туристер 14 мыңға, шет елден келген турист 900-ден асқан.
– Ауданда Орта Азияда алғашрет «Geopark Aral»туристік орталығы ашылды. Бұл – Аралдың табиғи, тарихи, мәдени, экологиялық бай мұрасын сақтау мен танытатын, халықаралық стандарттарға сай орталық болмақ. Осы Арқылы ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктерінің қатарына қосылсақ 5 туристік нысанды халықаралық деңгейде дамыту үшін әлемдік қорлардан қаржы тартуға мүмкіндік аламыз. Саяхатшыларға Қамбаш жағажайы, Көкарал бекеті, Ақеспедегі «ыстық су» бұрқағы, Шижаға аққұмы, Көкарал су плотинасы, Барсакелмес мемлекеттік қорығы, Арыстанбаб, Бегім ана кесенесібелгіленген. Онда 40-қа жуық қоғамдық тамақтану нысаны қызмет көрсетеді, – деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысы өткен жылғы жолдауында Кіші Арал теңізін сақтап қалу, Сексеуіл-Бейнеу бағытындағы автомобиль құрылысын бастауды жеделдетуді тапсырды. Биылғы жылы Қызылорда-Ақтөбе арасындағы 4 жолақты жаңа күре жол мен Бейнеу-Сексеуіл автожолының құрылысы басталады. Бұл жоба арқылы Сексеуіл кенті, Қосаман, Ақбасты, Құланды елді мекендерінің жол қатынасы жеңілдейді.
– Шижаға ауылында дене-шынықтыру сауықтыру кешені салынып жатса, Аманөткел ауылында 150 орындық мәдениет үйінің құрылы салынуда. Осы жылдың ауқымды жобаларының бірі – Сексеуіл кентінен 150 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебін салу жоспарда бар. Бұл жобаға «Қазақстан Темір жол» Ұлттық компаниясы демеушілік жасайды. Қазіргі уақытта құжаттарына заңдастыру жұмыстары жүруде. Сонымен бірге Арал қаласының Шанхай, Жаңауыл мөлтек аудандарынан тәулігіне 250 келушіге арналған емхана құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілді, – деді А.Сақыпұлы.
Думан Кеңшілік
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!