Күллі жерді қанға бөктіріп, қанша шаңырақтың отын өшірген Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл. Сол сұрапылда толарсақтан саз кешіп, борбай еті борша тозған аралдықтар да аз емес. Жат жерде сүйегі қалған қаншама қандастардың ішінде 6 мыңнан аса аралдықтардың болғанын тарих айғақтайды. Елге келген майдангерлердің де түгелдей дерлігі о дүниелік болды. Міне, бүгін сол боздақтардың құрметіне, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.
Әдетте айтыс десе делебесі қозатын қазақтың бұл жолы да сол дәстүрден жаңылмағаны анық байқалды. Жырдың түндігі түріле салысымен З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің залы көрерменге лық толды.
Ұлттық өнердің асылы саналған суырып салма ақындар айтысына қазылық еткен құрамның әрбірі алыппен пара-пар десе болғандай. Олардың қатарында ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Негимов, ақын әрі журналист, «Түркістан» газетінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, танымал қаламгер, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Қайырбек Кемеңгер және дәстүрлі өнердің жалауын жықпаған жырау, Республикалық және халықаралық жыршы-жыраулар байқауының бірнеше дүркін лауреаты, «Мәдениет саласын үздігі» төс белгісінің иегері, ақын Айбек Тәңірбергенов пен жас ақын, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов болды.
Сөздің, ойдың, ұлттық сана мен тарихи жадымыздың мәйегі саналған бүгінгі кешті белгілі айтыскер, «Серпер» сыйлығының иегері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрмат Мансұр тізгіндеді.
Елдің еңсесін көтерер өнегелі додаға шақырылған ақындар да сен тұр мен атайын дейтіндей таңдаулылар. Аузымен құс тістеген кіл жүйріктердің көшін бастап келген үш дүркін «Алтын домбыра» жеңімпазы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әйгілі ақын Мұхтар Ниязовтан бөлек, Батыс Қазақстан облысының тумасы «Алтын домбыра» иегері, «Асыл домбыра» жобасының жеңімпазы Жансая Мусина, Республикалық және халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жамбылдық Алтынкүл Қасымбекова, «Күміс домбыра» иегері, жас талант, белгілі айтыскер ақын, жыршы-термеші, жерлесіміз Бексұлтан Орынбасаров, Қырғыз Республикасы Қаракөл шаһарынан арнайы келген төкпе ақын Эсенбек Кийизбаев, Алматы қаласы, Алатау дәстүрлі өнер театрының өнерпазы, айтыскер ақын Нұрзат Қару, Шымкент қаласы, Отырар кітапханасының аға қызметкері, жас талант, айтыскер ақын Мейіржан Жақыпов, Халықаралық және республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, балаларға арналған есеп-өлеңдердің авторы, білім саласының қызметкері Ержеңіс Әбдиев, Сырдария ауданынан келген Жастар арасында өткен айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Ерасыл Бәйментаев және Қазалы ауданынан жас талант, айтыскер ақын Бекзат Серіковтер болды.
Жүйелі ұйқас пен салмақты ой сабақтасқан айтыста ақындар ер мен жердің тарихын, майдан даласының зарлы үнін, киелі Аралдың кешегісі мен бүгінін жырға қосты. Жеребе арқылы жұптасқан ақындар уақыттың құннын сырлы сөзбен салмақтап, жарасымды жұптай жыр төгілте түсті. Сайдың тасындай іріктелген ірілердің бірінен бірінің кемі жоқ. Десе де жүлдеге таласта тек мықты ақын ғана іріктеледі. Әділ қазы алқаларының бір ауыздан қабылдаған шешімі бойынша айтыс аламанының ақтық сынына Сырдың қос жүйрігі М.Ниязов пен Б.Орынбасаров шықты.
Тартысқа толы айтыс аламанының қорытындысымен бас жүлдені Б.Орынбасаров еншілесе, бірінші орынды М.Ниязов қанжығаға байланды. Екінші орынды қырғыз ақыны Э.Кийизбаев пен оралдық Ж.Мусина алды. Ал үшінші орынға жамбылдық А.Қасымбекова және арнайы Алматыдан келген Н.Қару мен қазалылық жас ақын Б.Серіков жайғасты. Айтыс аламанында жүлдегер атанған ақындарға демеуші, кәсіпкер азаматтардың есебінен қаржылай қомақты жүлде тағайындалды. Бұдан бөлек додаға қатысқан барлық ақынға да қаржылай түрде ынталандыру сыйлықтармен қоса арнайы Алғыс хат табысталды.
Көпшіліктің делебесін қоздырып, көңіл сарайын жырға бөлеген айтыс қортыдысын аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев түйіндеп, жырға сусаған ағайынға рухани демалыс сыйлаған барша ақындарға ерекше алғыс білдіріп, тартысты додаға төрешілік еткен азаматтардың еңбегін айрықша атап өтті. Айтыс аламанының маңызын салмақтаған аудан басшысы қасиетті мекенге табан тіреген барша қонақтарға аралдық ағайынның атынан құрмет білдірді.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!