Әлеуметтік желіде Алматының Арбатында жасөспірімдердің нашар күйде жатқан бейнежазбасы тарады. Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлады.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға сенбі күні Алматы қаласының Медеу ауданында болған. Тәртіп сақшылары масаң күйінде жүрген кәмелетке толмаған 5 жасөспірімді анықтап, оларға дер медициналық көмек көрсетілген.
– Қоғамдық орында мас күйінде жүру және ата-ана ретінде міндеттерін орындамау деректері бойынша жасөспірімдер мен олардың заңды өкілдеріне қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдердің қалай алкоголь тұтынғаны, кіммен бірге болғаны және спирттік ішімдікті қайдан алғаны анықталып жатыр, – деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар бейнежазбаға байланысты Алматы қаласының балалар омбудсмені Диана Ерлан пікір білдірді.
Оның айтуынша, екі бала алкогольді улану белгілерімен Балалар қалалық клиникалық ауруханасына жіберілген.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы, 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Аталған факт полиция басқармасында тіркелген. Жиналған материалдар жасөспірімдердің тұрғылықты жері бойынша Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданатын болады. Екі жасөспірім Алматы облысының тұрғындары, –деп жазды омбудсмен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!