Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Арманы алдамаған ару

06.03.2022

1166 0

Мұғалім Кәмшат Бисембинаның ұстанымы:

«Бала жанын түсіну үшін нәзіктік пен мейірім қажет»

Балауса бал күндегі бала арман биікке жетелесе бақытты адам болудың мүмкіндігі молаяды. Өйткені сол бір бала кездегі арман адамның шын жүрегінен шығып, бас пайдадан гөрі жан пайдасына көбірек сүйінеді. Содан да болар бала кезде көбі ғарышкер, президент болуды армандайды. Ал біздің бүгінгі кейіпкер ерекше. Өйткені бала арманына адалдығын сақтап, сол бір кезде өзін елестеткен адамның күнін бүгінде бастан кешіруде. Кішкентайынан білім беруді басты мақсат еткен, ата-әжесін үлгі тұтқан Кәмшат Бисембина мақсатын да, үлгі тұтар жандарын да бір сәтке жадынан шығарған емес. Есесіне бүгінде ұстаздық атты ұлы жолда абыроймен қызмет етуде.

1986 жылы Аралда туған Кәмшат тағдыр тәлкегіне түсіп, ата-анасынан ерте айырылды. Ата-әжесінің мейіріміне бө-ленген балауса қыз есін ерте жиды. Әкедей қамқор болған Рахан атасының, шешедей мейірім сыйлаған Фаруза әжесінің берген тәрбиесімен ол қатарының алды, білімге құштарлығы мол болып өсті. Мектепті тәмамдар уақыт келгенде оған мамандық таңдау да еш қиындық тудырмады. Өмір бойы педагогика саласында қызмет еткен ата-әжесінің жолымен ол да ұстаз атануды көздеді. Бала кезінен армандаған мамандығын бұл кезде мақсатқа айналдырып, сол үшін аянбай тер төкті. Өз сөзінде Кәмшат Ақтанқызы ата-әжесінің де мол септігі тигенін жасырмады.

– Бүгінде құрметті зейнеттік демалысына шыққан атам мен әжем бала кезден санама адамға білімнің қандай қажет екенін сіңірді. Ол кісілердің өз жұмыстарын қалай шын жүректен атқаратынын көргенде ерекше шабыттанатынмын. Ойын баласы болған кезімде де бар қызығым құрбыларыма мұғалім болып, бар білгенімді шын ұстаздай үйрететінмін. Міне, осы мақсатқа ұласқан арманның арқасында 2003 жылы №21 Қамыстыбас орта мектебін аяқтап, Қызылорда гуманитарлық университетінің «тарих және география» факультетінің студенті атандым, – дейді ағынан жарылған кейіпкеріміз.

2009 жылы Қызылорда қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектепке «тарих» пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданған күннен бастап Кәмшат Ақтанқызының бала арманы шындыққа айналды. Әсілінде, ұстаздық қызмет оңай болып көрінгенімен қиындықтардың болары заңдылық. Алғашқы қызмет жылдарында біздің кейіпкер де қиналған. Жаңа ортаға тез сіңісу, оқушылармен тіл табысу, білім берумен қатар оқушылардың бірлігін сақтау жас маманға оңай болған жоқ. Десе де «Басты ұстанымым – жақсы ұстаз атану» деп білетін маманның бұл қиындықтарды еңсеруі уақыт пен біліктіліктің еншісінде еді. Ол кездерін кейіпкеріміз бүгінде күліп еске алды. «Әр сабақты түсіндірген сайын бойымды қорқыныш билейтін. Бірақ мұның барлығын жеңу үшін болашаққа жетелеген бала арманның арқасында ештеңеге қарамастан еңбек еттім. Білгенімде оқушыларыма үйретіп, әр сабақтың қызық өтуі үшін аянбай тер төгетінмін. Тіпті кейде оқушылардың оқуға деген құлшынысын арттыру үшін сабақты қызықты өткізуді ойлап таң атыратынмын. Мұның барлығы қызметке деген сүйіспеншілік, арманға деген адалдық деп ойлаймын», – дейді Кәмшат.

Қаланың шәкірттерін білімді де ақылды етіп тәрбиелеу үшін барын салған Кәмшат Бисембинаның «педагог-сарапшы» санаты бар. Одан бөлек қала әкімінің алғыс хаты, білім бөлімінің құрмет грамотасы, облыстық деңгейдегі педагогтар бәсекесіндегі жетістіктері бар. Айта кетерлігі, Кәмшат Ақтанқызы «Үздік тарихшы-2021» байқауының қалалық деңгейдегі І орын және облыстық деңгейдегі ІІ орын иегері. Онымен қоса, ұстаздың шәкірттері де білім бәсекесінде биіктен көрініп жүр. Тарихтың тарам-тарам жолдарын ұстаздарының берген білімімен үйренген оқушылар арасында республикалық «Зерде» конкурсының жүлдегерлері, пәндер олимпиадасы мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары бар. Кейіпкеріміздің білім нәрімен сусындатқан шәкірттері Ақбота Өзбекбай мен Ақмарал Асқарқызы білім ұясын «Алтын белгімен» тәмамдаған.

Арманы алдамаған ару

Бүгінгі кейіпкеріміз білім беруде абыройлы еңбек етуімен қатар өз бөбектерін тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Ол жұбайы Сырым Телжанұлымен бірге бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Бөбектерінің ақылды әрі алғыр болып өсуі үшін барлығына дайын. «Қазақта баланың санын айтпайды дейді ғой, дегенмен «көпбалалы ана» деген статусымыз бар. Бала тәрбиесінде бір қуанарлығы, жұбайымыздың ойымыз бір жерден шығады. Екеуміз де «Балаңды

алты жасқа дейін патшаңдай сыйла, он үшке дейін құлша жұмса, он үштен кейін досыңдай сырлас» деген бабадан қалған ұлы сөзге құлақ асамыз. Мұндай тәрбиемен өскен баланың жаман болмасы анық», – дейді ол.

Білім беру атты жауапты да маңызды қызметте адал еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Ол тек қана оқушылармен ғана байланыспай, олардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болып, білім берудегі сұраныстарын қанағаттандыруды көздейді. Одан бөлек шәкірттерінің білім алуына да жан-жақты жағдай жасау назардан тыс емес. Магистрлік дәрежесін алған соң тарих пәнінің мұғалімі ғылыми дәрежесін одан әрі көтеру үшін өлкетану бағытында бірнеше шығармашылық жұмысты қолға алмақ.

«Ұстаздық – ұлы қызмет». Бұған ешкімнің шүбә келтірмесі де анық. Біздегі мақсат көктемнің гүліндей құлпырған аяулы жандардың атаулы мерекесі 8 наурызда еңбекте ерен, қызметте жауапты, отбасында мейірлі де мейірімді жандарды насихаттау. Бүгінгі кейіпкеріміз Кәмшат Ақтанқызы да қызметін шын сүйетін, отбасының отанасы бола білген жан.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: