Астанада «Qyran» тұрғын үй кешенінде жылжымайтын мүлік сату желеуімен ақша жымқыру схемасын ұйымдастырды деп күдікке ілінген құрылыс компаниясы қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметінше, сату кеңсесінде әлеуетті сатып алушыларға застройщик атынан пәтерлердің макеттері, техникалық паспорттары, сенімхаттары мен компанияның мүлікке меншік құқығы барын «дәлелдейтін» құжаттар көрсетілген.
Азаматтарға нарықтан төмен бағамен пәтерлер, коммерциялық нысандар мен көлік тұрақтарын сатып алу ұсынылған. Оларға мәмілелердің заңды екені сендіріле айтылған. Алайда күдіктілер сатып алу-сату келісімшартының орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын және меншік құқығын бермейтін броньдау келісімдерін, кепілақы шарттарын және алдын ала келісімдерді рәсімдеген. Жабайы әрі қолма-қол төлемдер қатысушылардың жеке есепшоттарына қабылданған. Ал бұл қаражат серіктестіктің бухгалтерлік және банктік құжаттарында көрсетілмеген, – делінген ҚМА хабарламасында.
Салдарынан азаматтардың 3,8 млрд теңгеден астам қаражаты жымқырылған.
Сонымен қатар, тергеу мәліметіне сәйкес, күдіктілер құрылыс компаниясының өз қаражатын ұрлаудың да екінші схемасын іске асырған. Олар клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, меншік құқықтарын тіркеген, алайда сатылымнан түсуі тиіс қаражат компания кассасына түспеген.
Осылайша, 76 жылжымайтын мүлік нысанын сату арқылы 4,1 млрд теңге ұрланған.
Жалпы залал көлемі – 7,9 млрд теңге.
Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 көлік тұрағына, сегіз коммерциялық нысанға және бір автокөлікке тыйым салынды.
Үш күдікті қамауға алынды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
