Асхат Аймағамбетов мектептерде смартфонға тыйым салу туралы Назарбаев Зияткерлік мектептері басшылығының шешімін қолдады, – деп хабарлайды kursiv.media.
Депутат мұны «батыл да орынды шешім» деп атады.
«Ата-ана мен оқушы үшін оңай емес»
«Бұл – жеңіл шешім емес. Бірақ бүгінде еліміздің көптеген мектептері осындай ережелерді енгізіп, сол бағытқа бет бұрып жатыр. Мұндай бастаманы бірден түсініп, қолдай қою барлық ата-ана мен оқушы үшін оңай емес. Бірақ уақыт өте келе қоғамда бұл шешімнің мәні мен маңызын терең ұғынатын түсіністік қалыптасады», – деді Асхат Аймағамбетов.
Оның пікірінше, әлемдік тәжірибе бұл үрдістің дұрыс екенін көрсетіп отыр.
«Дамыған елдерде мектептерде смартфондарға тыйым бар»
Көптеген дамыған елдерде мектептере смартфонға тыйым әлдеқашан енгізілген. Бұл нақты нәтиже беріп келеді.
«Тіпті кейбір Еуропа мемлекеттері бұл шектеуді заңмен бекіткен. ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың соңына қарай әлемдегі білім беру жүйелерінің 40 пайызы мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде шектеу енгізген», – дейді бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов.
Асхат Аймағамбетов қоғамға сауал тастады
Депутаттың сөзіне қарағанда, бұл – технологиямен күрес емес, ол баланың ойын бөлмейтін, зейінін шашыратпайтын, шынайы білім мен қарым-қатынасқа жол ашатын орта қалыптастыруға бағытталған қадам.
Асхат Аймағамбетов бұл шешімнің Қазақстан мектептері үшін қолайлы болатыны жөнінде қоғамға сауал тастады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!