Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова «Ашық НҚА» порталында қолданушылардың толық құжаттар топтамасын неге көре алмайтыны туралы сауалға жауап беріп, түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенаттың кулуарында журналистер вице-министрден қазақстандықтардың құжаттардың толық нұсқасымен неге таныса алмайтынын сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, порталдағы өзгерістер, ең алдымен, азаматтардың қолайлылығы үшін жасалған.
«Ашық НҚА» порталына енгізілген өзгерістер, ең алдымен, оқырманға ыңғайлы болсын деген мақсатпен жасалды. Енді қолданушылар ондаған беттерді немесе салыстырмалы кестелерді ақтаруға міндетті емес. Себебі енді міндетті талап ретінде жобаны әзірлеген мемлекеттік орган қысқаша аннотация ұсынуға тиіс. Онда құжаттың мақсаты, сондай-ақ оның ықтимал әсерлері мейлі ол оң немесе теріс болсын, көрсетіледі. Азаматтар осы ақпаратпен танысып, өз қорытындысын шығарып, пікір қалдыра алады. Мұның бәрі халықтың ыңғайы үшін жасалған, – деп атап өтті Лаура Мерсалимова.
Сонымен қатар вице-министр толық мәтінді көргісі келген кез келген адам тиісті мемлекеттік органға жүгіне алатынын, ал ол орган құжаттың толық нұсқасын ұсынуға міндетті екенін атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
