Сенбі, 21 желтоқсан, 19:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ашықтық, нақтылық, жеделдік – уақыт талабы

02.04.2022

1166 0

Соңғы жылдары қоғам тұрақтылығы бұқара үшін басты мәселеге айналды. Әбігерге салған індет, қос бүйірден қысқан қымбатшылық, қаралы қаңтар оқиғасы да халықтың еңсесін басып тастады. Жығылғанға жұдырық болып,  Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс салдары да біздің елді айналып өтпей тұр. Көп көкейінде жүрген сұрақ аз емес. Баға қымбаттауы, несие мәселесі, азық-түлік тапшылығы, доллар бағасы және тағысын тағы.

Аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай БАҚ өкілдеріне өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

– Аймақта азық-түлік өнімдерінің тапшылығы жоқ. Бұл мәселе тұрақты бақылауда. Десе де әлеуметтік желілер арқылы түрлі ақпараттар мен алып-қашпа әңгімелер халық арасына дүрбелең салды. Тіпті дүкендердегі қант бағасына да қарамай, жаппай сатып алуда. Осы тұста жеке сатушылар тарапынан алыпсатарлар көбейді. Осыған орай облыстық прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен басқа да тиісті салалар бірігіп, заңға сәйкес тексерулер жүргізуде. Сондай-ақ облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Қазіргі кезде қорда 1441 тонна өнім бар. Ал «айналым схемасы» бойынша 21 кәсіпкерлік нысандарына 1 млрд 143 млн теңге қарыз берілді. Сонымен қатар баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін нарық бағасынан төмен бағада ұсыну үшін дәстүрлі түрде жәрмеңке өткізілуде. Өткен жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның ұйымдастыруымен 370 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері төмен бағада сатылды. Тағы да айта кетейін, біздің өңірдің сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті. Сондықтан алдағы уақытта азық-түлік тапшылығы сезіледі деген жаңсақ пікірге сеніп, байбалам салудың ешқандай себебі жоқ, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Расында, қазір әлеуметтік желілер арқылы қоғамдағы кез келген мәселе қоғамдық пікір туғызды. Алайда ол ақпараттың дұрыстығы мен бұрыстығына ешкім де кепіл бола алмайды. Бірақ бұл әрекетті пайдаланып, осы арқылы резонанс тудырып, рейтинг жасауды көздейтіндер жетерлік. Әсіресе өзін блогер санап жүргендер «тырнақ астынан кір іздеп» кемшілікті көрсетуге әуес. Тіпті мемлекеттік қызметшінің жеке басына қол сұғып, қоқан-лоқы көрсетіп, бопсалайтындар да бар. Бұл мәселеге облыс әкімінің орынбасары Қ.Ырзақұлұлы арнайы тоқталды.

– Қазіргі кезде қандай мәселеде болмасын, халыққа жан-жақты зерттелген, нақты ақпарат ұсыну маңызды. Жасыратыны жоқ, кейбір жағдайларда еліміздегі тұ­рақтылық пен бейбітшілікке сызат түсіргісі келетін теріс ниетті топтар мен тұлғалардың тарапынан арандату әрекеттері де байқалады. Әлеуметтік желіде теріс бағытта пост шығарып, хайп қуып, өзінің рейтингін көтеру – уақытша нәрсе. Ендігі жерде мемлекеттік қызметшілерге жалған кемшілік тағу, бопсалау және оны жеке мүд­делеріне пайдалануға жол берілмейді. Теріс бағытта арандатушылық ниетпен жазған желі қолданушысының ақпараты жоққа шығарылса, заң негізінде оның ісі сотқа дейін жолданады. Ал егер мемлекеттік қызметшінің тарапынан кемшіліктер кетсе, заң алдында жауап береді. Қоғам біреуді қаралаған адамды түптің түбінде шеттетеді. Бүгінде біз өмір сүріп жатқан қоғам негативтен, теріс ақпараттан шаршады. Сондықтан алдағы уақытта мұндай іс-әрекеттерге заң аясында шектеулер қойылады, – деді Қайрат Нұртай.

Бүгінде халықты алаңдатқан тағы бір мәселе – Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың біздің елде де кері әсері болуы мүмкін деген қорқыныш. Расында, екі мем­лекет арасындағы жағ­дай әлем елдеріне әсер етпей қоймады. Осы тұста облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай  «Ресей мен Украина – бірі біздің жақын көршіміз, енді бірі саяси-экономикалық тығыз байланыстағы әріптесіміз» екенін атап өтті. Сондықтан жергілікті халық арандатулар мен теріс ақпа­раттың жетегінде кетуден аулақ болуға шақырды. Ол өз сөзінде осы мәселе бойынша азаматтар өз көзқ­арастарын БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы білдіріп отырғанын жеткізді.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде облыс әкімдігі тарапынан аймағымыздағы қоғам­дық-саяси тұрақтылықты қамта­масыз ету бағытында жүйелі жұ­мыстар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Аймақтағы өзекті мә­се­лелерді тиімді шешу мақса­тында жыл басында «Әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасы» бекі­тілген. Мұнда барлық сала бойынша бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер қамтылып, нақты міндеттер айқындалған. Мәсе­лен, жыл басында орын алған «Қаңтар оқиғасы» бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейту керегін және өзекті мәселелерді шешуде барлық сала басшылары үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеу қа­жеттігін көрсетті», – деді ол.

Бір қуанарлығы, Қайрат Ырзақұл­ұлы мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері арасында ашық­тық қалыптастыру бағытында қатаң тапсырмалар берілгенін атап өтті. Алдағы уақытта қандай да бір ақпарат тарағанда тиісті сала басшылары БАҚ өкілдеріне уақыт созбай, нақты, жылдам әрі толыққанды жауап беретін болады. Сонда ғана қоғамда тұрақтылық орнап, екі тарап ынтымақтастықпен біріге жұмыс істемек.

Сондай-ақ аймақтағы діни ахуал, NEET санатындағы жастар мәселесі де сөз болды. Брифинг соңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай журналистердің сауалдарына жауап берді.

Ақмарал Олжабаева

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: