Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге сенімді қалпына келтіру» тақырыбында өткен Astana Think Tank Forum 2025 (ATTF) жұмысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум аясында өткен «Жол тоғысындағы көпжақтылық: бөлінген әлемде жаһандық басқаруды реформалау» атты бірінші сессияда Е.Ашықбаев сөз сөйлеп, қазіргі таңда халықаралық поляризацияның күшеюі жағдайында «сындарлы консенсус» құру мен көпжақтылықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Оның айтуынша, тұрақтылықты, бейбітшілікті және тұрақты дамуды қамтамасыз етуде «орта державалардың» рөлі артып келеді.
Сонымен қатар, Ержан Ашықбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, аймақтық ынтымақтастық форматтарын дамыту және жасанды интеллектті реттеу ісінде жауапкершілік таныту қажеттігін атап өтті.
Ол өз сөзінде Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, сондай-ақ Орталық Азиядағы трансконтиненталдық байланысты нығайту жөніндегі күш-жігеріне ерекше назар аударды.
Қазақстан Еуразия кеңістігінде өзара тиімді байланыстарды дамытып, Орталық Азия елдері мен олардың сыртқы серіктестері арасындағы мүдделер синергиясын қалыптастыру арқылы аймақтың тұрақты дамуының пайымдауын дәйекті түрде нығайтып келеді, – деді Ашықбаев.
Astana Think Tank Forum халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған беделді сараптамалық алаң болып саналады. Астанада үшінші рет өткен форумға 20 елден 40-қа жуық халықаралық сарапшылар, жетекші зерттеу орталықтарының басшылары мен ғалымдар қатысты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!