2025 жылғы 26 қарашада Астанада «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жылын қорытындылауға арналған Республикалық форум өтті. Бұл маңызды басқосу ҚХА-ның бір жыл бойы атқарған ауқымды жұмыстарының негізгі нәтижелерін талқылаған орталық алаңға айналды.
Форумға Ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жастар ұйымдары мен өңірлік ҚХА өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов мерейтойлық жыл шеңберінде еліміз бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оған 1 миллионнан астам азамат қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – барлық өңірлердегі құрылымдардың үйлесімді, жүйелі жұмысының нәтижесі.
Форумға Қызылорда облысынан телекөпір арқылы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен ҚХА құрылымдарының жетекшілері қатысты.
Шара барысында өңірлердегі 36 Достық үйінің қатарын толтыратын 3 жаңа Достық үйінің құрылысы жөніндегі бейнематериалдар ұсынылды. Олардың ішінде Сыр өңіріндегі жаңа Достық үйінің қарқыны мен мерейтойлық жыл аясында жүзеге асқан іргелі жобалар туралы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Дильфура Байрахтарова мен облыстық ҚХА жанындағы Журналистер клубының төрағасы Елена Рыбина онлайн байланыс арқылы жан-жақты ақпарат берді.
Форум Ассамблеяның ел бірлігін нығайту жолындағы 30 жылдық тәжірибесін саралап, алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттерді айқындаған маңызды диалог алаңы болды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!