Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 09:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Астаналар айнасы

06.07.2021

2309 0

Ұлттың ескі заманнан қалған теңдік пен еркіндік туралы көрсеткіші – «өз отауым, дара орда» ұстанымы. Яғни, ежелден өзгенің дегеніне мойынсұнбай, тәуелсіздікті еншілеп, елдік жолына түсу көптің көксеген арманына айналған. Бұл тұрғыда қазақ елі де қайсар болмыс арқылы еркіндік жолында қаншама қырғын-қасапты өткеріп, болмысын бұзбауға, берекесін кетірмеуге талпынды. Тіпті ұлт зиялылары әлем-жәлем ғаламның кейпі тайып, түрлі саяси режим мен басқару қағидалары қайшыласқан ХХ ғасырдың өзінде заманға ілесіп, іргелі елдің болашағын қалыптастыруға күш салған-ды. Сәтінде ел ұстыны – астананы белгілеу, урбанизация әлеміне ауысу көшпелі өмір сүру моделіндегі халық үшін оңайға соқпағаны жасырын емес.

Расында, ел тарихындағы маңызды қадам астаналардың қалыптасуы, өркендеуі, экономикалық-мәдени ахуалға ықпалымен өлшенері анық. Отырықшылық мәдениеттен шеткері қалыптасқан қазақ халқы аш­тықтан зардап шегіп, өркениет игілігінен құр қалғанын жете түсінген шақта қалалық мәденит пен өзгеше өмір сүру дағдысын игеруге асыққан-тұғын. Содан болар, қазақ арасында астананы географиялық, мәдени, экономикалық ерекшелікті ескеріп белгілеу, ұлт тарихындағы елеулі өзгеріс пен жаңалықты бас қаладан бастау секілді дағды ерте қалыптасты. Алғашқы жоғары оқу орны, театр, өнеркәсіп нысанының бас қаладан бастау алғанын аңғаруға болады. Бүгінгі «Астана күні» мерекесіне орай «Қазақ астаналары ұлт тарихына нендей жаңалық енгізді? Қандай таңдаулы шешімдер бас қаладан басталды?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Орынбордың орны

Мақаланың өзегіне айналған астаналар жүзжылдықтар қойнауындағы ескі шаһарлар емес, өткен ғасырда елорда атанған қалалар туралы болмақ. Осы орайда ең алғаш тілге оралатын шаһар – Орынбор. Қаланың астанаға айналу жолы Қазақ АКСР-нің құрылуымен тығыз байланысты. 1920 жылы 4 қазанда Орынборда Қазақ өлкесі Кеңестерінің құрылтай съезі өтіп, нәтижесінде Қазақ АКСР-і құрылды. Сол сәттен бастап Орынбор 1925 жылға дейін қазақтың астанасы деп жарияланып, көптеген Алаш зиялылары мен интеллегенциясының құтты қонысы атанды. Отаршыл Ресей де Орынбордың жаңа сипатқа енуіне қарсы бола қоймады. Себебі өрістеген шаһар экономикалық тұрғыда шығыс пен батысты байланыстырған ірі сауда орталығына ойысып үлгерген-тұғын.

Аз уақыт ішінде Орынбор Орта Азияның қоғамдық маңызға ие мәдениет ошағы ғана емес, саяси салмағы бар қалаға айналды. Сондай-ақ шаһардың ел дамуына ең ықпал еткен саласы білім беру ісі еді. Көптеген жоғары оқу орындары қазақ даласынан ағылған мыңдаған жасқа батыстың білімін, өнерін, жаңалығын игеруге орасан мүмкіндік сыйлап, көзі ашық ұлтжанды ұрпақтың қалыптасуына әсер етті.

Тағы айта кетерлігі, ұлт баспасөзінің алғашқы қарлығаштары – «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының жарық көрген мекені де Орынбор қаласы. Тәуелсіз баспасөз бен кәсіби журналистиканың жаңа сатыға көтерілуіне бірден-бір түрткі болған басылымдар тек сол кезгі жаңалықтың жаршысы емес, қазақтың өзгенің ілімін, білігін игеруге қауқарлы ұлт екенін тағы бір дәлелдеген шақ еді. Басылыммен берге Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Бақытжан Қаратаев, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов секілді саңлақтардың есімі, қызметі елге жайылып, абыройлы аты айшықтала түсті. Әрине, шаһардың бұдан өзге сауда-саттық, маман әзірлеу, еларалық қатынас, әкімшілік құзыретінің салмағы болғаны рас. Алайда қазақ үшін ең басты шарапаты ағарту саласында айқын байқалды. Сондықтан Орынбордың ел ардақтайтын тарихы Алаш зиялыларының адал еңбегімен тағдырлас болғанымен құнды екені даусыз. Қазіргі таңда алыс та жақын Орынбордың жат қолында қалғанына қынжылған жұрттың қала тарихын еске алғанда айтатыны да осы ақпар.

Алайда шаһар астана мәртебесін ұзақ сақ­тай алмады. Небары бес жыл бас қала статусын иеленген қала ақыр соңында Ресейдің құрамында қалып, қазақ елорданы солтүстіктен оңтүстікке көшіруге мәжбүр болды. Мұндай қадамға түрлі қоғамдық, ішкі-сыртқы саяси оқиғалар итермелегені сөзсіз. Оның үстіне зиялы қауым алып шаһардан салмақты мін тауып, үдере көшудің себебін ұлтты аман сақтап қалуға теліген секілді. Атақты мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Ақжол» газетінің 1924 жылғы 17 желтоқсанда шыққан санына мынадай дерек қалдырыпты:

«Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын», – депті қайраткер.

Бүгінгі уақыттың межесімен көз салсақ, асқан көрегенділікке құрылған болжамға еріксіз таңқаласың. Заманның аунап түсерін ерте байқап, келер буынның қасірет шекпеуін ойлаған не деген ақыл десеңші. Әйтпесе, орысқа жаппарлас қоныстанған қаншама халық «қыл бұрау» уақытында босамай, бүгінге дейін еркіндік сезіне алмауда емес пе?! Егер ел астанасы екі-үш онжылдықтың шеңберінде Орынборда тұрақтаған болса, бүгінгі Тәуелсіздіктің бұлыңғыр болары анық еді. 

Астаналар айнасы
????????????????????????????????????

Қызылорда – құтты қоныс

Ел астанасының Орыбордан соңғы ендігі мекені Қызылорда қаласына ойысты. 1926-1929 жылдары Қызылорда Қазақ АССР-інің астанасы атанып, кеңес өкіметі тұсында шаһар тіршілігі қайта жанданған еді. Бүгінде зерттеушілер бас қала мәртебесіне Қызылорданың лайық деп танылуына бірнеше дәйекті мысалға келтіреді. Оның ішінде қазақтардың басым қоныстануы, теміржол стансасының орналасуы, Сырдария өзенінің жағасы болуы, «Ұлы Жібек жолының» бойы секілді артықшылықтар ықпал еткендей көрінеді. Сондай-ақ басшылық лауазымдағы Сұлтанбек Қожановтың өткір пікірі де басымдыққа ие болса керек. Әйтеуір, Қызылорда қаласы төрт жыл қазақ елінің құтты астанасы, өнер мен мәдениет, экономика мен әлеуметтік көрсеткішінің бет-бейнесіне айналды.

Шынында, Сыр бойындағы бас қала астана болған кезеңде сан салада айтулы ілгерілеу байқалып, экономикалық әлеумет артқанын айту керек. Әсіресе, өнеркәсіп дамып, құрылыс қарқыны көтерілді. Қала көшелерінде электр жарығы жүргізіліп, кондитер фабрикасы, ет комбинаты, сыра зауыты, «Трудовик» атты тігін мекемесінің іргетасы қаланды. Қазақтың алғашқы ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған.

Сол сәтте қала халқының саны небәрі 22 577 адам болса да, өнер мен білім беру ісі қарыштап дамыды. Мәселен, Қызылордада алғаш рет қазақтың түрлі ғылыми институттары,  кеңес-партия мектебі,  халық ағарту институты, техникумдар ашылып, тек қазақ жерінен емес, көршілес елдерден оқу-білімге құштар жастар жиыла бастады. Халықтың шарайнасына айналған «Еңбекші қазақ» – «Советская степь» газеттері (қазіргі «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» басылымдары) жарық көріп, ақпарат айдынында сапалы мақала мен ізденістер жиі байқалды. Сыр өңірінің аяулы перзенттері Асқар Тоқмағанбетов пен Әбділдә Тәжібаевтың алғашқы өлеңдері осы «Еңбекші қазақ» газетінде алғаш жарияланғанын білеміз. Оған қоса Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров секілді ақын-жазушылардың сүйекті туындыларына алғаш куә болған да осы шаһар  еді.

Шаһардың астана мәртебесіндегі мерейлі жеңісі – театр. Қызылорда қаласында 1926 жылдың 13 қаңтарында алғашқы қазақ драма театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы академиялық театр) шымылдығы түріліп, Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасы сахнаға шығарылған-тұғын. Сол сәтте қазақ театры өнер әлеміне Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков сынды тума таланттарды тарту етіп, ұлттық мәдениеттің өркендеуіне теңдесіз үлес қосты. Сондықтан Сыр бойындағы бас шаһар астана болған төрт жылда айтарлықтай өзгеріп, елдің келешек даму сүрлеуін салды деуге толық негіз бар.

Алайда бас қаланың мәртебесі сұлу Сырдағы шаһарға да көп тұрақтамады 1929 жылы астана Қызылордадан Алматыға көшіріліп, жаңа бір белеске бет алды. Бүгінде тарихшылар Сырдан бас тартудың басты себебін табиғи апатпен байланыстырады. Бас шаһар Сырдария өзенінің жағасында орналасқандықтан бірнеше рет қала су астында қалыпты. Осыған орай 1927 жылы қазақтың астанасын Алматы қаласына көшіру туралы пікір қозғалып, ақыры қолдау табады. Осылайша 1929 жылдың мамыр айында Алматы ресми астана атанып, жарты ғасырдан астам абыройлы мәртебені тұрақтата алды.

Астаналар айнасы

Алмалы шаһар – Алаш мұрасы

Жер жәннаты Жетісуда орналасқан алып қала Алматы ежелден орнықты орта, тұнық табиғат, қолайлы табиғатымен танымал. Елорданы Қызылордадан Алматыға көшірудегі бірден-бір себеп те жайлы климат болса керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпорындар санын артыру тұр­ғысынан Жетісу ең ұтымды мекен екені даусыз. 1929 жылдары шаһарға астана көшіріліп, елдегі қаржы-эко­номикалық, мәдени-әдеби толқын тың бағытқа өзгерді.

Алдымен қаланың сәулет өнерінде айтарлықтай өзгешелік орын алғанын тілге тиек ету маңызды. Өйткені астаналардың егемен елдің қалыптасуына жасаған ықпалы мен маңызды оқиғалар желісін жүйелегенде ұлттық қалып, мәдени кеңістікке қосқан үлесін атамасақ болмас. Себебі мұнда шығыс өркениетінің нәзік иірімдері мен батыстың дәлдік пен нақтылыққа құрылған құрылыс шешімдері тоғысып жатты. Дәл осы шаһарда қазақ қоғамының қос мәдени ағысты тең игеріп, оны ұлттық салт-ғұрыппен сабақтастыру тәжірибесі қалыптасты десек болады. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары алматылық сәулетшілер қала объектілеріне ғана тән өрнек пен тәсілге жүгініп, ұлттық қолданбалы және декоративтік өнер элементтерін шығармашылыққа икемдеді. Мұндай толқынның ізі монументальды мүсін өнері мен өзге де декоративтік өнерден жиі көрініс берді. Тіпті заманауи Алматы сәулетінен сол дәстүрдің сарқыншағын аңғару қиын емес. Сондықтан қазаққа Алматы шаһары шығыс пен батысты синтездеген «жаңа болмысымен» қымбат. Қаланың бас шаһар мәртебесіндегі жеткен байқалмас жетістігінің бірі осы.

Ал Елорда болған шақтағы экономикалық, ғылыми, демография өзгерістер бүгінгі жұртқа жете таныс. 1930 жылы «Айнабұлақ» станциясы аяқталып, екі ірі экономикалық аудан – Сібір мен Қазақстан жалғанды. 1930 жылы Алматы әуе жолы ашылса, бір жылдан соң Түрксіб темір жолы пайдалануға берілді. Осылайша Алматы мен Мәскеу қалалары теміржол, әуе қатынасы арқылы байланысты нығайтты. Бұл экономикалық тұрғыда жаңа кеңістікке жол салып, шаһардағы халық саны мен жұмыс күшінің артуына сеп болды. Мәселен, 1980 жылдардың басында қала халқының саны 1 млн адамнан асқан болатын.

Алып шаһар жайдарлы күнді ғана емес, қаралы сәтті де басынан көп өткерді. Соның бір мысалы – Ұлы Отан соғысының зардабы. Соғыс жылдары бүкілодақтық тыл жұмыстарын ұйымдастыруда жүктің басым бөлігі Алматыға түсті. Сол сәттен Алматы қаласына майдан шебінен 30 өнеркәсіп орны, 8 госпиталь, 15 жоғарғы оқу орны, орта кәсіптік білім беру жүйесі, 20-ға жуық ғылыми-зерттеу институттары, 20-дан аса мәдени орталықтар көшірілген. Оған қоса Ленинград, Киев, Мәскеу киностудиялары Алматыға ауыстырылды. Соғыс жылдары Қазақ опера және балет театрын салу, 1950 жылы Қазақстан ғылым академиясының бас ғимараты мен Үкімет үйін салу қолға алынды.

Ең өкініштісі, қала тарихындағы қаралы күннің соңы бұл емес еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қаншама жастың өмірін жалмап, сұраусыз кеткен қыршындардың көз жасымен тарихта қалды. Елдік пен ерліктің үлгісін көрсеткен жастар жалын жұтып, тәуелсіздік үшін жан аямады. Ширек ғасыр уақыт өтсе де қазақ астанасындағы сол бір қанды қырғынның жаңғырығы әр қазақтың кеудесінде қалғаны анық. Сондықтан, ел астаналары тек жарқын күндердің куәсі болды десек, жалған болар.

Астаналар айнасы

Жаңа дәуір белесі

Ел Тәуелсіздігін алып, еңсе тіктегенде жаңа саяси стратегия, өзге бағытты таңдауға тура келгені анық. Егемендікке қол жеткізгенде қабылданған ең елеулі шешім – Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру. 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылданған қаулы жаңа Қазақстанның, жаңа тарихын жазуға бағытталған еді. 1998 жылы 6 мамырда Астана атауы ресми түрде бекітілсе, 10 маусымда жас астананың тұсаукесері халықаралық деңгейде өткізілді.

Жалпы астананың бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласына көшуі кездейсоқ шешім емес екені анық. Бұл Алаш зиялыларынң асыл арманының ізі-тұғын. Мәселен, Әлихан Бөкейханұлы «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласындағы: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген арманы бүгінде шындыққа айналды.  Еуразия континентінің кіндігіне орналасқан қала өзіндік қайталанбас бет-бейнесін қалыптасып, әлемдік деңгейде бедел жинауға ұмтылды. 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммиті «Астана лебі» деген терминді қалыптастырып, қазақтың жас астанасының амбициясын әйгіледі. Қазір Нұр-Сұлтан жыл сайын халықаралық деңгейдегі жиындар мен басқосулар өтетін орынға айналды.

Бастапқыда  Арқаның төсіне жаңа шаһар салу идеясын құптамағандар  уақыт өте шешімнің ұтымды тұсын аңғара бастады. Оған экономикалық, мәдени жетістіктер түрткі болса керек. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласы 1999 жылы  ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын да алды. Бүгінде Елорда ғаламдық маңызға ие самиттер мен басқосулар өтетін, дінбасылар мен саясаткерлер жиналатын бейбітшілік мекеніне айналды. Мұның барлығы келешек Қазақстанның келбетін айқындары анық.

Елорда қай қиырда болмасын, қазақ қоғамы мен өміріне оң өзгеріс әкелуге жол ашты. Әрбір шаһар өзіндік ерекшелік пен болмысты сыйлап, халықтың тұрмыс сапасына да оң әсерін тигізгені бар. Сондықтан астаналар халықтың тағдырына тікелей ықпал етті десек артық емес.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: