Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ата-әжемен қатысуды заң шеше ме?

25.02.2023

1312 0

Сурет: Нұр.кз

Бала тәрбиесiне бей-жай қарайтын қазақ емеспiз. «Баланы өскенше, немеренi өлгенше» деп тәлiм берiп, ұлағатты ұрпақ қалыптастыру – салтпен сiңген қазақы қасиет. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов ел болуды бесiктен бастаған жөн екенін айтады. Бұл тұрғыда балаға ата-әженің де тәрбиесі қажет-ақ. Бүгінде қоғам талқылауына түскен заң көпшілікті алаңдатып қойғандай.

Атап айтсақ, елімізде ата-аналары ажырасқан немерелердің ата-әжелерімен араласу құқығы заңдастырылмақ. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжатында жазылған. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланды.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңына бірнеше өзгерту мен толықтыру енгізілді.

Соның бірі – ата-анасы ажырасқан баланың ата-әжесімен араласу құқығы. Құжат бойынша 73-1-бапқа сәйкес, бала атасы, әжесі, бауырлары және басқа туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқылы.

«1. Аталар, әжелер, бауырлар, әпкелер және басқа туыстар баламен араласуға құқылы. Ата-аналар (олардың біреуі) баланың жақын туыстарына онымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін беруден бас тартса, дауды Қазақстан Республикасының Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешеді», – делінген құжатта.

Ал қорғау не қамқорлық етуді жүзеге асыратын органның шешімімен келіспеген жағдайда дауды медиация тәртібімен немесе қорғау не қамқорлық етуді жүзеге асыратын осы органның қатысуымен сот шешеді.

Қазіргі қолданыстағы заңда көрсетілмеген жаңа бап туралы қоғам пікірі екіге жарылды. Көпшілік жаңа бапқа қуана қоймаған. Кейбіреулер ата-әженің немеремен қарым-қатынасы заңмен реттелмеуі қажеттігін алға тартады.

Бұрын «Кімнің баласысың?» дегенде балалар «атамның» деп атасының атын алдымен айтатын. Міне, атаға, үлкенге құрмет осыдан басталады. Тәрбиенің басы да осы. Ал бүгінгі ұрпақтың көбісі  ата-әжесінің кім екенін де танымайды. Себебі қоғамда ажырасу азаймай тұр. Ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын әке-шешелер көбейіп бара жатыр. Жақында ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың ажырасуы туралы мәліметтерді жариялады. Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында елімізде 128,5 мың шаңырақ көтерсе, 17,7 мың отбасы ажырасқан. Бұл қаншама баланың ата-әже, тіпті әке тәрбиесінен алшақтап қалғанын көрсетеді.

– «Қариясы бар елдің қазынасы бар» демекші, бір қарияның өзі сарқылмас дариядай сүйіспеншілік пен ұлттық менталитеттің таптырмас бұлағы. Сондықтан сол бұлақтан сусындаған баланың да жаман болмасы анық. Тұла бойы махаббатқа тұнған ата-мен әженің берген іліміне ештеңе жетпейді деп ойлаймын. Әженің немереге деген мейірімі, махаббаты ерекше болатыны сөзсіз. Баланың құқығын қорғаймыз деп, олардың арасын алшақтатсақ, ұлттық құндылық қайда қалады? Онсыз да қазіргі уақытта ата-әжесін іздейтін бала азайған. Біз бұл тұрғыда ұлттық менталитетті жоюға асығып жатқандаймыз. Баланы тәрбиеден жұрдай тасбауыр етпекпіз. Мәселен, отбасы туралы заңға ата-әжесінің немересімен араласуға хақы бар, яғни әке-шеше рұқсат беруі керек дейтін жаңа бап енетін болса, онда ол бала өз ата-бабасының кім екенін танымауы да мүмкін ғой. Әрбір балаға ата ақылы мен әже мейірімі қажет-ақ. Мейірім мен қамқорлықтың озық үлгісін көрсетуші солар емес пе? Сондықтан қандай жағдай болса да ата-әже мен немере арасы алшақтамауы тиіс. Тіпті отбасы ажырасқан жағдайда қайта немересін ата-әжеден алшақтатпайтындай мүмкіндіктер қарастыру қажет. Баланың тәрбиесіне тек ата-ана емес, сонымен қатар ата-әжелер де атсалысуы қажет. Олардың бала тәрбиелеудегі рөлі ерекше десек артық болмас. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше», «Балам балдан тәтті, немере одан да тәтті» деп халық даналығы айтқандай, қазыналы қарттарымыз үшін немеренің орны бөлек. Адам бойындағы асыл қасиеттер отбасында қалыптасады. Ал ұлттық тәрбие, нағыз қазақы тәлім-тәрбиенің өзегі әжелер мектебінен бастау алады,  – дейді зейнеткер, көпбалалы ана Дамет Матенова.

Ата мен әже – отбасының алтын қазығы екені анық. Бұрын шаңырақтың тірегі де сол кісілер болатын. Немересінің маңдайынан сүйіп, барлық мейірімін немересіне көрсетіп жатады. Ал бүгінгі қоғам балаларды сол мейірімнен айырмақшы. Ата мен әженің немеремен қатысуын заңмен реттемек.

Айта кетейік, жаңа бап 24 ақпанға дейін қоғам талқылауына ұсынылған. Оның қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: