Жалағаш ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған ақпараттық кездесулер жалғасуда. Осы аяда Ақсу ауылындағы «Сәрке батыр» шаруа қожалығының қызметкерлерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында қатысушыларға ұсынылып отырған Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер, сондай-ақ алдағы референдумның маңызы туралы ақпарат берілді.

Жиынға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшелері Қуат Ахетов, Бейбітжан Шілдебаев, Қалдыгүл Дәулет және Айқын Жақсылықова қатысты.
Кездесу барысында Қуат Ахетов ұсынылып отырған конституциялық реформалардың негізгі бағыттарына тоқталып өтті.
«Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған», – деді ол.
Сонымен қатар жиын барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдіріп, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Коалиция мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты – тұрғындар мен еңбек ұжымдарын Конституция жобасының мазмұнымен таныстыру және референдум туралы ақпарат беру.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
