Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Атадан – өсиет, анадан – қасиет дарыған шаңырақ

06.08.2022

1914 0

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы тәрбиені қалыптасты­руды көздейді. Шаңырақтың берекесін сақтап, ұлттық құндылықтардан ажырамауды насихаттайды. Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруды мақсат етеді. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз Жақыповтар отбасы осы шарттарға сәйкес келіп, байқауға қатысты. Қалалық байқауда бұл отбасы 3-орын алды. Қуаныштарына ортақтасып, осындай өсіп өнген отбасы болудың қыр-сырына қанықтық. Қазіргі уақытта көргені көп, түйгені мол отбасы мүшелері өмірдің ащысы мен тұщысын бірге өткізіп келеді. Отасқандарына 26 жыл болған. Шаңырағы биік, босағасы берік Жақыповтар отбасы балаға дұрыс тәрбие беруді мақсат еткен.

Отағасы Бекзат Жақыпов – суретші-зергер, Қазақстан Республикасы Суретшілер және қолөнершілер Одағының мүшесі. Ол – қолөнер шебері.  Зергерлік өнерді жанына жақын тұтқан. Бекзат аға күміс бұйымдарды ғана жасамайды, ағаштан түрлі саймандар жасайды. Қолшоқпар, қылыш, айбалта, садақ, жебе сынды дүниелерді жасауды әдетке айналдырған. Зергерлік қасиет оған атасынан дарыған. Өзі ұста, өзі зергер, суретші Бекзат ағаның еңбегі зор құрметке ие болып жүр.  Мәселен, 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Ассамблеясының 20 жылдығына орай  өткен «Қол­өнер – сырлы өнер» конкурсында І орын алса, «Салтым – халқымның қазынасы» атты Қазақстан Қолөнершілер одағы мүшелерінің ұлттық көрмесінде алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар «Ұлы дала жәрмеңкесі» атты Қазақстан шеберлерінің республикалық көрме-жәрмеңкесіне қатысқаны үшін диплом берілсе,  2018 жылы өткен Қолөнер шеберлерінің «Қобыз үні» атты көрмесінде І орын иегері атанған.  Одан бөлек, Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Silk Road Craftsman-2019» халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесіне белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталған. Бұл – жетістіктерінің бір бөлшегі ғана.

Ал отанасы Ұлбосын Жұмабекова Ә.Құдабаев атында­ғы №197 мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші болып жұмыс істейді. Ұлбосын апай да оқу­шы­лар­ға білім мен тәрбие беруде үлкен жетістіктерге жетіп келе­ді. Шәкірттері биік белестерден көрініп жүр. Ұлбосын Жұмабекова 2020 жылы «Үздік көркем еңбек пәні мұғалімі – 2020» байқауының қалалық кезеңінен ІІ орын алған. Өткен жылы ел тәуелсіздігің 30 жылдығы қарсаңында Білім және ғы­лым министрлігінің алғыс хатымен марапатталған. Биыл «Үздік авторлық бағдарлама» қалалық кезеңінен ІІ орын иегері болды.                                                                                                             

Жақыповтар 5 баланы тәрбиелеп өсірген, өнерлі отбасы. Әкесі Бекзат пен ұлдарының жасаған қолөнер бұйымдары республика көлеміндегі мұражайлардың қорын толықтыруда.

– Ол тұста өте қиын кез еді. Қаншама қиындықты бастан өткердік, бірақ еш мойыған жоқпыз. Отағасы екеуміз бір-бірімізге деген құрметіміз бен сыйластығымыздың арқасында бәрін жеңіп шықтық. Байлықты біреулер жиған-терген дүниесімен, кейбіреуі атақ-абыройымен өлшеп жатады. Ал менің басты байлықтарым – отбасым, бала-шаға. Балаларым білімді, тәрбиелі, саналы. Әр адам ұрпағымен  мақтана алатындай болғаны дұрыс қой. Біз де балалармен мақтана аламыз. Бұл енді жолдасым Бекзат екеуіміздің жемісіміз десек те болады. Шүкір, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасымыз. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Әкеге құрмет жасауды, ер азаматтың рөлі биікте екенін балаларым түсінген. Әйелге, анаға деген сыйластық қашан да жоғары тұру керек екенін біледі, – дейді отанасы Ұлбосын.

Өсіп-өнген отбасы балаларының жетістіктеріне тоқталып өткенді жөн көрдік.

Үлкен ұлдары Шора Әніс №15 мектеп-лицейін бітірген. Павлодар педагогикалық университетінде жоғары білім алған. Қазіргі уақытта Павлодар қаласы Абай атындағы №10 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі. Директордың бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

Екінші ұлы Шоқан Әніс № 197 мектептен 9 жылдық білім алып, «Болашақ» университетінің колледжінінің «Ақпараттық жүйелер» бойынша бітірген. Биыл «Болашақ» университетін осы мамандық бойынша тәмамдап, жоғары білім алған. Мамандығы программист. «Әділет» фото-видео студиясында жұмыс істейді. Шоқан мектеп қабырғасында бірнеше байқаулар мен ғылыми жобаға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Оқушы кезінен қолына фотоаппарат алып, суретке түсіруге, видео монтаждауға құштарлығы басым болған.

Қыздары Шұғыла Әніс М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейін бітірген. Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, ата-ана, ұстаз үмітін ақтады.  «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегері атанып, жетістікке жеткен. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің грант иегері атанып, 11 жыл­ғы еңбегі ақталды.

Ұлдары Шыңғыс Әніс Ә.Құдабаев атындағы қазақ орта мектебінің 8 сыныбын бітірген. Оқу озаты, республикалық, облыстық, қалалық ғылыми жобалардың жеңімпазы атанып жүр. Шыңғыс әке жолын жалғағысы келеді.

Кенже қыздары Шаттық Ә.Құдабаев атындағы №197 қазақ орта мектебінің даярлық тобын аяқтаған. 6 жасар бүлдіршіннің де жеткен жетістіктері баршылық. Қолөнер бойынша «Мүсін өнері» номинациясы негізінде мектепішілік байқаудан І орын алған. Сондай-ақ республикалық «Мың бала» сайысынан өлең оқып, І орынға қол жеткізді. Шаттық даярлық тобын енді ғана бітіргеніне қарамастан жүргізіп оқиды. Дыбыстық талдау жасай алады, екі таңбалы сандардан есеп құрастырып, шығарады. Ата-анасы Шаттықтың болаша­ғынан зор үміт кетеді.

Балаларды осындай дарынды, білімді етіп тәрбилеуде үлкен еңбек жатқаны белгілі. Әрбір баланың талантын ашып, ортаға қалыптастыру да жауапкершілікті талап етеді. Жақыповтар отбасы осы жауапкершілікті сезіне білді. Балаларын үлкен биіктерге жеткіземіз деп өздеріне мақсат қойды.

–  Балаларымызға жақсы тәрбие беру, болашағына жар­қын жол сілтеуді мақсат еттік. Оларды жауапкершілікке, еңбек­қорлыққа, адалдыққа тәрбиелеудеміз. Жат қылықтардан аулақ болуына барынша ықпал етіп келеміз. Барлығына өз күшіміз­бен жетудеміз, – дейді Ұлбосын апай.

Көпшілікке үлгі бола білген жарасымды жұп мерейлі отбасы болудың қыр-сырымен де бөлісті.

– Үлгілі әрі мерейлі отбасы болудың сыры – ауызбіршілікте. Ең алдымен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу қажет. Отбасында береке мен татулық болған кезде ғана өзгеге өнеге боласың. Ата-ана балаға үлгі болуы тиіс. Ол үшін бірлік маңызды. Бала тәрбиесіне, оқуына қатысты мәселені бірлесе, ақылдаса шешкен дұрыс. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы­ның қалалық кезеңіне қатысып, бақ сынап көріңдер деп мектеп­тен ұсыныс түсті. Үй-ішімізбен ақылдаса келе, оған қатысамыз деп шешім қабылдадық. Себебі отбасымыздың жетістіктерімен, өнерімен көпшілік таныссын дедік. Бұл байқаудың мақсаты да сол емес пе. Үлгілі отбасы болуды насихаттау. Біздің жетістіктерімізді, жүрген жолымызды оқып-біліп, танысқан адам өнеге алып, үлгі етсе соның өзі біз үшін үлкен жетістік. 2020 жылы «Парасатты отбасы» облыстық байқауынан «Шеберлер отбасы» номинациясымен марапатталдық. Өнегелі отбасы болудың алғы шарты – сыйластық.  Қазіргі жастарға айтарым, кездескен қиындықтарға мойымай, жұмылған жұдырықтай болып, отбасын сақтап қалу маңызды. Әрбір бала өз ата-анасының бауырында, толық отбасында өсіп жетілу керек. Осыны естен шығармау қажет, – дейді Ұлбосын Жұмабекова.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: