Атышулы суреттен кейін Атырауда полицейлер қылмыстық іс қозғап, суретке түскен төрт күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Суретті журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
– Қара жамылғандар көк байрағымызға арабша бірдеңелерді жазып алған. Бірақ фотоның түпнұсқа екеніне дәлел жоқ. Фотошоп болуы да ықтимал деп жатыр. Енді осының анық-қанығын полиция тексеруге кірісіпті. Егер, ақпарат расталса, елдің батысы жат діннің жетегінде кеткендердің ордасына айналды деген сөз, – делінген журналистің инстаграм-парақшасындағы постта.
Атырау облыстық Полиция департаменті әлеуметтік желіде таралған жазба бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Таралған жазбадағы төрт күдікті де анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың екеуі жасөспірім болғандықтан, ата-анасының қатысуымен жауап алынуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялануға жатпайды», – деп нақтылады Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз – хатшысы Мейірім Ердәулет.
Біз Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлына хабарласып, Туда не жазылғанын анықтадық.
«Туда радикалдық сөз жоқ. Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп жазылған. Алайда, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуге барша азамат міндетті», – деді Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!