Сәрсенбі, 03 желтоқсан, 10:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
92, (2204)
02.12.2025
PDF мұрағаты

Автолизинг қалай беріледі: Алғашқы клиент тәжірибесі

03.12.2025

56 0

Фото: BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда 1 желтоқсаннан автолизинг бағдарламасы басталды. Алайда әзірге республика бойынша лизингпен пилоттық режимде тек бір-ақ көлік берілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бағдарлама енді енгізіліп жатқандықтан, 2026 жылдың басына дейін масштабталатынын мәлімдеді. Алғашқы көлік лизингке қандай шарттармен берілді, жаңа жүйенің артықшылығы қандай BAQ.KZ тілшісі материалынан оқи аласыз.

“Лизинг несие де, бөліп төлеу де емес”

Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламанов лизинг бөліп төлеуден де, кредиттен де бөлек қаржылық механизм екенін түсіндірді.

Лизингті несие немесе басқа тетіктермен салыстыруға болмайды. Бұл – мүлдем бөлек қаржылық құрал. Кімге ыңғайлы болса, сол пайдаланады. Лизинг бөліп төлеу де емес, тауарды жалға беру түрі. Бұл жағдайда көлікті кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға алу, – деді ол.

Сонымен қатар, Еламанов лизинг халыққа жеңілдік ретінде қарастырылған жоба емес, қатардағы нарықтық бағдарлама екенін атады.

Бұл – мемлекеттік бағдарлама емес, жеңілдік қарастырылған бағдарлама да емес, жаңа қаржылық құрал аясындағы кәдімгі нарықтық бағдарлама. Мұнда, ең алдымен, әлемдік тәжірибеге қарау қажет, себебі әр елде лизинг әртүрлі қолданылады, – деді ол.

Сарапшы лизингтің алғашқы үлгісінде клиент автосалонға барып, көлікті таңдайды, содан кейін автосалон өзі лизингтік компаниямен байланысып, олар көпжақты келісімшарт жасайтынын жеткізді. Басқа нұсқалар да бар. Мысалы, лизингтік компания алдымен көлікті өзі сатып алады, ал клиент сол лизингтік компаниямен шарт жасасады.

Алдымен пилоттық жобаның қандай кемшіліктері болатынын, қажет болған жағдайда заңнамаға қандай өзгерістер енгізу керегін анықтау қажет. Қазір маңыздысы – осы механизмді енгізу, ал ары қарай бұл тетік басқа қаржылық құралдар сияқты жетілдіріле береді, – деді Қайрат Еламанов.

“Лизингке берілген көлікті ауыстыруға болады”

1 желтоқсанда лизингпен алғашқы көлік берілген ФортеЛизинг компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Саят Урпежановтан келісім қандай шарттармен жасалғанын сұрадық.

Клиент лизингпен Қостанайда шығарылған Kia Soluto-ны 7 миллион 900 мыңға алды. Бастапқы жарна ретінде 10 пайыз құйылды, 790 мың теңге. 15 пайызбен 3 жылға берілді. Ай сайын төлеп отыратын ақшасы 260 мың теңге шамасында шығып тұр. Ол 3 жылдың ішінде көлікті ауыстыруы мүмкін. Егер ауыстырмай, толық жабатын болса, 3 жылдан кейін көлік клиенттің атына ауысатын болады, – деді ол.

Урпежановтың айтуынша, көліктің ақшасын 3 жылға жеткізбей де жауып тастауға болады және отандық көліктер деген шектеу жоқ. Бірақ жеке тұлғаларға лизинг беру жүйесі толық қалыптасқанша ФортеЛизинг пилоттық режимде жұмыс істейді.

Мысалы, кеше жеткізушінің өзінде 4 келісімшарт болды. Біз толық механизмді білмеген соң қиындатылған нұсқамен өттік. Енді ақырындап-ақырындап оны жеңілдететін боламыз, – деді компания өкілі.

Саят Урпежанов лизингтің бастапқы жарнасыз берілетін нұсқалары да қарастырылатынын айтты және автолизинг барысы қалай жүретінін түсіндірді.

Келісімшарт бойынша көлікті лизингтік компаниядан алады. Ол үшін клиент автодилерға барып, өзінің өтінішін қалдырады. Кейіннен өтініш автодилердан лизингтік компанияға беріледі. Біз оны скролингтік жүйемен тексереміз. Ол үшін клиент келісімін береді, – деді ол.

Компания өкілі лизингтің автонесиеден басты айырмашылығына да тоқталды.

Лизингтің несиеден айырмашылығы, біріншіден, келісімшарт бітпейінше лизингтік көлік лизингтік компанияның атында болады. Оның артықшылығы 1 жыл, 2 жыл өтсе де, клиенттің қаржылық жағдайы төмендейтін не көтерілетін болса, ол лизинг компаниясына келіп, машинаны ауыстыруына не қайтаруына болады, – деді ол.

Сонымен қатар Саят Урпежанов лизингтік компанияның сақтандыру компанияларымен келісімшарттары болғандықтан, клиенттерге сақтандыру жеңілдетілген шарттармен ұсынылатынын айтты.

Пайыздық мөлшерлеме әр диллер мен әр моделге әртүрлі болады. Бізге Үкімет тарапынан берілген максималды шектеу 36 пайыз деп айтылды. Біз автодилермен келісіп, пилоттық режимде 15 пайызбен беретін болдық. Кейбір автодилерлер біздің келісімшартпен келісетін болса, пайыз төмендетілуі мүмкін. Ол диллерларға, модельдарға, маркаларға байланысты, – деді маман.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: